26 қаз, 2023 сағат 12:12

Шымкентте мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасаған цех анықталды

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасаған цехты анықтады. Тінту кезінде полиция қызметкерлері 103 нөмірлік белгіні, 100-ден аса голограммалық жапсырманы және нөмір жасауға арналған арнайы станокты тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік құралдары үшін жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз дайындаған цехты анықтаған.

"Мәселен, Самара – Шымкент тасжолында жедел уәкілдер жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жүргізген жедел шаралар кезінде Нива автокөлігінің мемлекеттік нөмірі жалған болуы мүмкін екеніне күмәнданды. Полицейлер тез арада жедел әрекет етіп, көлік нөміріне қатысты жұмыстарды атқара бастайды. Осылайша олар көліктің жүргізушісіне таққан нөмірінің басқа адамға тіркелгенін айтып, түсіндіреді.

Одан әрі қарай қырағылық танытқан сақшылар арнайы жоспар құрып, жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін өткізеді. Нәтижесінде Шымкент қаласында мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасап жатқан цехты анықтап, оның иесі ретінде жергілікті тұрғынды ұстады", - делінген хабарламада.

Тінту кезінде полиция қызметкерлері 103 нөмірлік белгіні, 100-ден аса голограммалық жапсырманы және нөмір жасауға арналған арнайы станокты тапқан.

Бұл факт ҚР ҚК-нің 386-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.