10 қаз, 2017 сағат 11:40

Шымкентте Нәзір Төреқұловты еске алу кеші өтті

Шымкентте  Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Азамат. Күрескер. Дипломат» атты еске алу кеші болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өткен кешке жазушы, нәзіртанушы, түркітанушы, «Нәзір қоры» сыйлығының лауреаты Сәрсен Бек Сахабат мен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік унивеситеті тарих кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Тілеуқұлов пен жоғары оқу орнының студенттері, мектеп ұстаздары қатысты. Халықаралық дәрежедегі дипломатиялық саясатты жүргізуде өзіндік үлесі бар, көрнекті қайраткер Нәзір Төреқұловтың қазақ халқы үшін жасаған еңбегі ұшан теңіз.

«Нәзір Төреқұлов туралы ел арасында аңыз-әңгімелер көп. Солардың бірінде Нәзір мен Тұрар 1937 жылы қамауға алынғанда өзара хат жазысып, онда олардың ел жайына, ұлт болашағына алаңдайтыны айқын көрініс берген. Иә, осындай арда азаматтардың елі мен жері үшін жасаған еңбегін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Сондықтан Алаш зиялысының ұлт үшін жасаған еңбектерін үнемі еске алып отыруымыз керек», - деді Сәрсен Бек Сахабат.

Одан соң сөз алған Г.Тілеуқұлов Н.Төреқұловтың қазақ тілінен өзге, түрік, араб, парсы және орыс тілдерін жетік меңгергенін, сондай-ақ шығыс әдебиетін, тарихын терең білгені жайлы айтып өтті.

Кеште Нәзір Төреқұловты еске алушылар ұлттың ұлы қайраткерін қазақтан шыққан тұңғыш елші және ғалым-ағартушының солақай саясаттың құрбаны болғанын да әңгіме етті.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінде орталық көшелердің бірі мен мектеп танымал тұлға Нәзір Төреқұловтың атымен аталады.