13 қар, 2017 сағат 12:36

Түркі әлемі қолөнер шеберлері Түркістанда

Түркі әлемі қолөнер шеберлері Түркістанда бас қосты. Қасиетті шаһарда ұйымдастырылған шараға түркі тілдес елдерден бармағынан бал тамған шеберлер  қатысты, деп  хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ұйымдастырылған шарада Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев құттықтау сөз сөйлеп, киелі шаһардың биыл шарықтаған жылы болғанын айтып өтті. Әкімнің айтуынша, ағымдағы жылы жетпістен астам жобалар іске асса, оның қырыққа жуығы халықаралық деңгейдегі басқосулар болған. Сондай-ақ, шаһар басшысы шығармашылық оңайлықпен келмейтін шабыт екенін және бұл, әсіресе, қолөнер саласында асқан қайсарлықты талап ететінін де назардан тыс қалдырмады. Жиында  ТҮРКСОЙ-дың қазақстандық өкілі Асқар Тұрғанбаев та шараның маңыздылығына тоқталып, көрменің алдағы кезде де ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

«Қолөнер -  бұл өлмес өнер. Атадан балаға мирас болып келе жатқан  бекзат өнерімізді жоғалтып алмау біздің парызымыз. Бұл өнерді кейінгі жастарға үйрету қажет. Сондықтан да бұл фестивальдің маңызы ерекше. Өзге бауырлас елдер қолөнершілерімен тәжірибе алмасуы да бүгінгі арнайы өткен  көрмеден көрініс тапты. Түркістан бір жылдық қала емес, мәңгілік рухани астанамыз болып қала бермек», - деді Асқар Тұрғанбаев. Сонымен бірге ол  қолөнер саласындағы бұл фестиваль  ТҮРКСОЙ  аясында алғаш қосылғанын және алдағы мәдени астаналарда да өз жалғасын табатындығын мәлім етті.

Шара соңында  қонақтар қолөнер мектебінің шеберханасынмен танысып, этнографиялық музейде бас қосты. Өзара пікір алмасты.