08 ақп, 2024 сағат 09:38

Түркістанда екі баласын өлтірді деген күдікпен анасы іздестіріліп жатыр

Түркістанда екі баласын өлтірді деген күдікпен анасы іздестіріліп жатыр. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

7 ақпанда Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылды. Кейбір мәліметтер бойынша оларды анасы жастықпен тұншықтырып өлтірген.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жолданды. 

"Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және балалардың қайтыс болғаны мен олардың мекен-жайы туралы құрбысына хабарлаған ананың, яғни Қызылорда облысы тұрғынының орналасқан жерін анықтау мақсатында қажет жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Тұрғындардан жалған ақпарат таратпауды сұраймын”, – дейді Түркістан облысының полиция департаменті бастығы Мұрат Қабденов.


Соңғы мәліметтер бойынша өз балаларын тұншықтырып өлтірді деген күдікпен іздестіріліп жатқан әйел Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы А.С.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейде мектепке дейінгі сыныпта тәрбиеші болып жұмыс істеген.

Болған жағдайға қатысты Шиелі аудандық білім бөлімі пікір білдірді.

“Жағдай әлі толық зерттелген жоқ және әзірге ешқандай нақты ақпарат жоқ. Болжам жасап, жалған ақпарат таратпауға шақырамыз. Егер іздеудегі күдіктіні көрсеңіз дереу тиісті органдарға хабарласыңыз”, – делінген хабарламада.