13 ақп, 2024 сағат 13:11

Елде тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі бойынша қамауға алынғандар саны екі есе артты

сурет:ambox.ru

Тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі бойынша әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны 6 мыңнан 13 мыңға дейін артты. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Мамандар берген мәлімет бойынша өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі бойынша 79 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және бір мыңға жуық азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

 

"Жаңа заңнама шеңберінде (2023 жылдың екінші жартыжылдығында) тұрмыстық жанжалдар туралы 50 мың өтініш қаралды. 64% (30,6 мың) материалдар бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Олар бұрын 33,5% немесе 17 мың болды. Әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны 2 есеге артты, яғни 6 мыңнан 13 мыңға дейін. Сотта 27 мыңнан астам отбасы татуласты.Сонымен қатар, министрлік зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты жандандырды. Өткен жылы полицияда тұрмыстық жанжалдар туралы 100 мыңға жуық хабарлама тіркелген. Оның ішінде 15 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін полиция қызметкерлері анықтады. Барлық тіркелген фактілер бойынша кінәлілер заңда көзделген жауапкершілікке тартылды. Әрбір отбасылық дебошир заңмен зорлық-зомбылық жасағаны үшін 5 тәуліктен бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін әкімшілік қамауға алу жауапкершілігі қарастырылғанын білуі керек, - дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төраға орынбасары Ренат Зулхаиров. 


Айта кетейік, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық және әкімшілік кодекстерге енген түзетулер бойынша полиция өтініш беруден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтаушы сипатына көшіп, әкімшілік іс қозғалады. Енді соңғы құқықтық бағалауды сот береді.