27 мам, 2024 сағат 12:45

Ұлытау облысында 26 шенеунік жауапкершілікке тартылды

Сурет: gov.kz

Олар мемлекеттік сатып алуларда заңбұзышылықтарға жол берген. Лауазымды тұлғалар 3,7 млрд теңгеге заңсыз мемлекеттік сатып алу өткізбек болған. Бас прокуратура 12 мемлекеттік сатып алудың күшін жойған.

Ведомство ақпараты бойынша, бұл заңсыз сатып алуларда жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде тиісті сараптамалар жүргізбеген, жобалық-сметалық құжаттамалар болмаған және әлеуетті жеткізушілердің жағдайын нашарлататын талаптар көздеген.

Мысалы Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі 1,9 млрд теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған. Тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған. Сонымен қатар тапсырыс беруші бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып, 3 жыл мерзімге қала жолдарын күтіп ұстау туралы келісімшарт жасасуды жоспарлаған.

Тағы бір жағдайда Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз жоғарылатқан.

Прокурорлардың наразылығымен заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.