03 сәу, 2024 сағат 13:01

Ұлытауда сотталғандарды азаптаған түрме қызметкерлерінің үстінен іс қозғалды

Фото: stan.kz


Ұлытау облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша №62 Мекеме мен ҚР Ұлттық ұлан №6505 әскери бөлімінің қызметкерлеріне қатысты азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


«Мекеменің 7 және Әскери бөлімнің 4, жалпы 11 қызметкері № 62 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 11 сотталғанды кемсіту, өзге де сотталғандарды қорқыту мақсатында күш қолдану арқылы оларды азаптағандығы анықталды» — делінген хабарламада. 


Лауазымды тұлғалар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарын жасыру мақсатында сотталғандарды Мекеме және Әскери бөлім қызметкерлеріне бағынбаушылық жасағандығы туралы жоғары тұрған басшылырына баяндаған.


«Тергеу барысында күдіктілерге бұлтартпау шаралары қолданылып, тергеу сотымен олар лауазымдарынан уақытша шеттетілді. 26 наурыз күні қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі» — деп хабарлады прокуратура.