29 мау, 2019 сағат 13:55

«ҮРКЕР» ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҚ ПА? немесе қай ұлттың тілшілеріне арналған?..

Бізді жоғарғы оқу орнында «журналистикада ұлт пен жыныс болмайды» деп оқытып еді. Тілші ұлты мен жынысына қарамастан, қоғамда туған кез келген мәселеге бейтарап көзқараста қалам тербеп, ақ пен қарасын, дұрысы мен бұрысын талдап, ешқашан бір жақты материал бермеуі тиіс. Иә, бізді дәл осылай үйретті. Осы ұстанымда қалам тербеп, микрофон ұстап жүрген қанашама журналист бар. Олар жыл мезгілі мен күннің уақытына да қарамайды.

Әйтеуір жылына бір рет алғыс хаттар мен сыйлықтар алып, мәз-мейрам болып, көңіліміздің серпіліп қалатыны бар. Бұған дейін тілшілер қауымы өзара тойлап келген журналистер күні кеше ғана 26 маусымда ҚР Үкіметінің Қаулысымен 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып бекітілді. Осылайша журналистердің кәсіби мерекесі ресми бекітіліп жатқан тұста, кеше «Үркер-2019» байқауы қорытындыланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Тура журналистер күні қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік шара біраз тілшінің қуанышын еселегені рас. Сөйтіп, олар астанадағы «Қазмедиа» орталығында бас қосты.

Байқауға сәл-пәл шолу жасайық. Urker-awards.kz сайтына кірсеңіз, «Сыйлық туралы» деген тұсында түсініктеме береді. Онда былай делінген:

«Ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі, аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, оны насихаттан ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған. Конкурс мақсаты – талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсету».

Иә, дұрыс оқыдыңыз. «Ұлттық сыйлық» дейді. Бұл мәселеге соңынан тағы ораламыз.

Сонымен, биыл «Үркер-2019» жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Әр жеңімпазға арнайы статуэтка мен 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.

Атап айтқанда: «Жыл газеті» аталымында «Түркістан» халықаралық газеті, «Время», «Ұлан» және «Курсив» газеттері ақтық айналымға шығып, осылардың арасында «Время» газеті  үздік  деп танылды.

«Жыл журналы» аталымы:

«Ақыл-кеңес»

«National Geographic»

«Ұлыс»

«Мысль»

Үздігі - «National Geographic»  ұжымы.

«Жыл ақпараттық порталы» аталымының ақтық сынында «Ноlanews.kz», «Baq.kz», «Zakon.kz», «Baribar.kz» сайттары бақ сынап, нәтижесінде «Zakon.kz» үздік деп танылыпты.

«Жыл репортажы» аталымына төрт адам ақтық сында бақ сынайтын үміткер ретінде тіркелген: Олар:

Алтынбек Құмырзақ - «Qazaqstan tarihy»

Бағдат Хасенова - «Dknews»

Ксения Бондал - «Капитал.кз»

Айхан Шәріпова - «Айқын».

Ал қазылар алқасының жасырын дауыс беруі нәтижесінде «Капитал.кз» порталының қызметкері Ксения Бондал жеңімпаз деп танылыпты.

«Жыл журналистік зерттеуі» аталымы:  

Дана Круглова - «Informburo.kz

Владимир Демидов - «Zakon. kz»

Зарина Әбілмәжінова - «Baq.kz

Яцун Анастасия - «Ноlanews.kz

Ал жеңімпаз «Ноlanews.kz» порталының тілшісі Яцун Анастасия.

«Жыл аналитикалық материалы» атылымы:

Евгения Бодрова - «Informburo.kz»

Нұргелді Әбдіғниұлы -«Abai.kz»

Жанна Иманқұл - «Жалын»

Майра Медеубаева - «inbusiness.kz»

Аталымның жеңімпазы - «Informburo.kz» тілшісі Евгения Бодрова.

«Жыл сұхбаты» аталымы:

Лейла Тастанова - «Время»

Аманжол Қорғанбек - «Егемен Қазақстан»

Дина Имамбаева - «Ана тілі»

Жанна Ойшыбаева - «Литер» газеті.

Нәтижесінде «Литер» газетінің тілшісі Жанна Ойшыбаева жеңімпаз болды.

«Қазақстан туралы жылдың танымдық материалы» аталымы:

Аян Өрібай - «ҚазАқпарат» ХАА

Ернар Алмабек -  «Массагет.кз»

Ақжарқын Қыдырханова - «Бәрібар.кз»

Айгүл Бейсенбинова - «Вечерная астана»

Жеңімпаз ­ ­­- «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Аян Өрібай.

«Жылдың үздік фотосуреті» аталымы:

Оспан Әли - egemen.kz

Аслан Мусенов - avesyin.kz

Досжан Балабеков - http://kazgazeta.kz

Жұмабай Мұсабеков - https://cloud.mail.ru/public/43NX/2rw3DLY5r

Жеңімпаз ­- egemen.kz фотографы Оспан Әли.

«Жыл радиостанциясы» аталымы:

«Радио Классик»

«Орда ФМ»

«Радио Астана»

«Алау»

 Солардың арасынан  «Радио Классик» үздік  шықты.

«Жыл new media» аталымы:

Kaliyev-channel

ҚР Президенті телерадиокешені

«Давай сходим»

Аида Жексен

Жеңімпаз - Kaliyev-channel.

Енді қараңыз, «Үркер-2019» байқауының өзі биыл 11 аталымнан тұрды. Жоғарыдағыларды санап шықсаңыз, 11 аталмының жетеуі орыстілді журналистер мен орыс тіліндегі материалдарға беріліпті. Сонша аталымның ішінде екі аталым ғана қазақтілді тілшілерге бұйырған. Қазақ журналистеріне «Қазақстан туралы жылдың танымдық материалы» аталымы мен «Жылдың үздік фотосуреті» аталымы да жетеді дегендей. Ал қалған екеуі бейтарап: үздік журнал мен «Жыл new media» аталымына ешкім дауласа алмас. 

«Үркер-2019» Ұлттық сыйлығы байқауының қорытындысына қарап, бұл байқау шынымен ұлттық па, әлде қай ұлттың тілшілеріне арналған деген сұрақ туындағаны рас. Біз бұл жерде ұлтаралық араздық тудырғымыз келіп отырған жоқ. Бірақ байқаудың нәтижесі солай ойламасқа шара қалдырмайды. Жоғарыда қайта ораламыз деген мәселе осы еді.

Байқауды ақтап алғымыз келіп, мүмкін, қазылар алқасының мүшелері қазақтілді мамандар емес шығар, байқау сондықтан орыс тіліндегі материалдарға ықылас танытып отырған болар деген күдік те туды. Арнайы қарадық. Қателесіппіз. Қазылар алқасының мүшелері 99% өзіміздің қарагөздер.

Сенбесеңіз, сіз де қараңыз.

Сонымен, «Үркер-2019» байқауының қазылар алқасы: «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Танысбай, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, «Salem Social Media» бас директоры Александр Аксютиц, блогер Өркен Кенжебек,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының 2 мәрте лауреаты, Құрмет Одағының иегері Сайраш Әбішқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, блогер Бейбіт Әлібеков, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат.

Осындай мен мықтымын деген азаматтар қазы болып, қазақ журналистерінің еңбегін шынымен бағалай алмады ма? Әлде шынымен лайық қазақша материал болмады ма? Бізге мұны кім түсіндіріп, кім талдап бере алады?

Айтпақшы, үшінші рет ұйымдастырылп отырған бұл байқауда мұндай жағдай тұңғыш рет орын алып жатқан жоқ. Былтыр да дәл осындай жағдайлар болған. Осы орайда «Үркер-2018» байқауының жеңімпаздарын естеріңізге салайық:

«Үздік халықаралық сараптамалық материал» аталымында Сәуле Исабаева  (ЦентралАзияМонитор);

«Үздік сараптамалық материал» аталымында Әсел Мұқанова (Казахстанская правда);

«Астананың 20 жылдығына арналған материал» аталымы Ғалым Омархановтың  (Қазақ газеттері);

«Үздік журналистік зерттеу» аталымын Асқар Джалдинов (Time.kz);

«Экономика мен қаржы туралы үздік материал» аталымында «Капитал» газеті;

«Үздік аймақтық радиостанция» аталымы алматылық «Жұлдыз FM» радиостансасы, ал «Үздік қазақстандық радиостанция» аталымында «Шалқар» радиосы;

«Үздік Интернет БАҚ» аталымында жеңіске жеткен «Informburo.kz»;

«Үздік вайн» аталымы Нұрлан Батыров;

 «Үздік фотосурет» аталымында Тұрар Қазанғапов (Tengrinews.kz);

«Үздік репортаж» аталымында Илья Астахов (Today.kz);

 «Үздік сұхбат» аталымында Гүлзина Бектасова (Айқын);

«Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымында Яков Федоров (Yvision.kz);

«Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымында «Жетісу газеті»;

«Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымында «Егемен Қазақстан» газеті жеңімпаз болған. 

Мұны да дәл жоғарыдағыдай қазақша-орысша материалдарын өзіңіз саралап көріңіз.

Бұл байқау бірден орыстілді тілшілердің сойылын соғып кеткен жоқ. Ұлттық байқау атауын ең алғаш ұйымдастырылған кезінде ақтаған еді. Естеріңізде болса, «Үркер» Ұлттық сыйлығы 2017 жылы алғаш рет өткен.

Жоғарыда көрсеткен 2019 және 2018 жылғы қорытындылармен салыстыру үшін алғашқы жылдың жеңімпаздарын да тізуді жөн көріп отырмыз. Сонымен, «Үркер-2017» байқауының қорытындысы мынадай еді:

«Үздік фотосурет» аталымы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров;

«Үздік аналитикалық материал» аталымы бойынша «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Валентина Фиронова;

«Үздік репортаж» аталымы бойынша «Үркер-2017» сыйлығымен National Digital History порталының тілшісі Олжас;

«Үздік радио бағдарлама» аталымының жеңімпазы Шалқар радиосының «Ән домбыра» бағдарламасы;

«Үздік өңірлік радио станса» аталымы «Астана» ақпараттық-музыкалық радиосы;

«Үздік салалық баспасөз басылымы» аталымында «Дружные ребята» газеті;

«Үздік жыл журналы» жүлдесін «National Geografic Қазақстан» журналы;

«Журналистикадағы дебют» аталымы бойынша 7kun.kz сайтының тілшісі Мөлдір Иманмади;

«Үздік журналистік зерттеу» аталымы «Егемен Қазақстан» газеті Басқарма төрағасының кеңесшісі Жанболат Аупбаев;

«Үздік сұхбат» аталымы «Капитал» тілшісі Виктория  Говоркова;

«Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында шығарылатын «Рейтинг» газеті ;

«Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымы «Егемен Қазақстан» газеті Думан Анаш;

«Үздік халықаралық аналитикалық материал» аталымы бойынш vlast.kz порталының тілшісі  Зарина Ахматова ;

«Қазнеттегі медиасерпіліс» аталымы  бойынша «Massaget.kz» порталы;

«Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымының жүлдесін «Айқын» газеті алған болатын.

Байқадыңыз ба, бұл қорытындыға сүйенсек, орыстілді, қазақтілді материалға тең қаралғаны байқалады. Мұның себебін де анықтауға тырыстық. Байқаудың алғашқы жылында қазылар алқасының құрамы мықтырақ болған екен. Яғни саралап-сараптай алатын нағыз мамандардың сынынан өткен.

Ол мамандар: белгілі журналист Намазалы Омашев, мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Өңірлік БАҚ альянсының жетекшісі Әлібек Әлденей, саясаттанушы Расул Жұмалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығы «farmers.kz»  порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдеби сыншы Амангелді Мырзабеков және «Айтуға оңай» хабарының жүргізушісі Бейсен Құранбек.

Пы.Сы: Небәрі үшінші жыл ғана ұйымдастырылған байқаудың соңы осылай сұйыла берсе, ары қарай «Үркердің» үні шықпай, ұлттық байқаудың мәні мен сәні кете береді деген күдік жоқ емес.

Ақбота МҰСАБЕК

Ult.kz