11 жел, 2025 сағат 12:17

Алматының 2030 жылға дейінгі даму жоспары таныстырылды

Фото: Pexels.com

Алматы алдағы бес жылда айтарлықтай өзгермек. Қалалық Экономика басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов шаһардың 2030 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Жоспар жеті негізгі бағытты қамтиды: экономикалық өсім, көлік инфрақұрылымын дамыту, жайлы әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылық, экологияны жақсарту, цифрлық трансформация және қауіпсіздік.

Экономикалық мақсаттар:
2030 жылға қарай Алматының жалпы өңірлік өнімі екі есе ұлғайып, қалаға тартылатын инвестиция көлемі 7 трлн теңгеге дейін жетпек. Шағын және орта бизнестің үлесі 65 пайызға дейін артады деп жоспарланып отыр. Туризм саласына және Индустриялық аймақты кеңейтуге ерекше басымдық беріледі.

Тау кластері:
Таулы аймақта жаяу жүргіншілер бағыттары жаңартылып, аспалы жолдар кеңейтіледі. Тау шаңғысы инфрақұрылымының көлемі бес есеге өседі. Сондай-ақ 7 мыңнан астам нөмірі бар шамамен 60 жаңа қонақжай нысаны салынады.

Көлік инфрақұрылымы:
Жоспарға метро бағытын ұзарту, LRT жобасын іске қосу, жаңа BRT желілерін құру және жол салу жұмыстары кіреді. Бұл қаладағы тәуліктік жолаушылар легін 3 миллион адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қалалық орта және әлеуметтік сала:
Алматы полиорталықтық даму моделіне көшеді. Қала аудандарында жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Әлеуметтік салада мектептер мен балабақшалар, медициналық мекемелер, мәдениет және спорт нысандары жаңғыртылып, халыққа қолжетімділігі арттырылады.

Бұл жоспарлар Алматының өмір сүруге жайлы, заманауи және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті қалаға айналуына бағытталған.