29 қар, 2023 сағат 14:22

«Вагнер» құрамында болған қазақстандық сотталды

фото: pixabay.com

Қазақстан азаматы Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу органдары ер адамды ҚР ҚК 170-бабының 3-бөлігі бойынша, атап айтқанда жалдамалының қарулы қақтығысқа, әскери іс-қимылдарға, сондай-ақ конституциялық құрылысты құлатуға және бұзуға немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерге қатысқаны үшін айыптаған. 

Сотталушы Ш. биыл наурыз айында Қарағанды облысының Топар кентіндегі үйінде болған кезде "Вконтакте" әлеуметтік желісі арқылы "Вагнер" жеке әскери компаниясы туралы біліп, ақшалай сыйақы алу мақсатында Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысуға келіскен. Содан соң Ресей аумағына барып, жоғарыда аталған ЖӘК қатарына қосылып, онда әскери дайындықты жүзеге асырған. Сәуір айының соңында ол Украина аумағында орналасқан Бахмут қаласына жіберіліп, Украинаның конституциялық құрылысын және аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған іс-қимылдарға қатысқан. Кейін ол жараланып, комиссияланған. 

"Прокурор соттан Ш.-ның жалдамалы ретінде алған ақшасы тәркіленіп, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал қорғаушы бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. 

Сотталушының кінәсін толық мойындауынан басқа, оның құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен расталады және олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі ешкіммен дауланбайды" - делінген хабарламада.

ҚР ҚК-нің 170-бабы 3-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. 

"Сот Ш.-ның кінәні толық мойындауын жеңілдететін жағдай деп таныды. Сонымен қатар сот сотталушының іс-әрекетінен кінәні ауырлататын мән-жайлар анықтаған жоқ. 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот ҚР ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 2) тармағының талаптарын қолданып, оған жеңілдететін мән-жайлар болғанын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді, яғни ауыр қылмыс жасаған кезде жазаның мерзімі немесе мөлшері үштен екісінен аспауы тиіс, бұл 6 жыл 8 айды құрайды. 

2023 жылғы 28 тамыздағы сот үкімімен Ш.-ға жалдамалы ретінде алған ақшалай қаражатын тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.

Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. 

Сот үкімі заңды күшіне енді.