18 қар, 2023 сағат 13:22

Заңсыз ойын бизнесіне қатысты күдікке ілінген әйел Германиядан экстрадицияланды

Фото: Бас прокуратура видеосынан кадр

Қылмыстық топтың құрамында ойын бизнесі саласында қылмыс жасады деген күдікті Германиядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бүгін Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігі және Интерполдың көмегімен Германия Федеративтік Республикасынан «OLIMP.KZ букмекерлік кеңсенің» қызметіне байланысты қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның азаматшасы Д-ны экстрадициялады.

Ол 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарды өткізуге, салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтаруға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысқан деген күдікке ілінді" - делінген хабарламада.

Аталған құқыққа қайшы әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 86,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.

"Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және халықаралық іздеу жарияланды.

Биыл мамыр айында ол Германия аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамаққа алынды.

Айып тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеу, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Іздеуде жүрген адамды экстрадициялау Германияның құзыретті органдарымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Германиямен ұстап беру туралы шарттың болмауына қарамастан, ағымдағы жылы осы елден Қазақстанға адам өлтіру және есірткі саудасы бойынша күдікті 2 адам экстрадицияланған. Өз кезегінде, Германия тарапына қорқытып алу және зорлау қылмыстарын жасағаны үшін іздеуде жүрген 2 адам ұстап берілген.