15 қар, 2023 сағат 17:46

Зайырлы құрылымды құлатуды көздеген: ҰҚК экстремистік топ мүшелерін ұстады

Фото: ҚР ҰҚК

Қазақстанда экстремистік топ мүшелері ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"15 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратураның үйлестіруімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Астана, Атырау және Жезқазған қалаларында радикалды діни топтардың ұяшықтарын бейтараптандырды.

Терроризмді насихаттау, сондай-ақ экстремистік топты құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу бойынша күдікке ілінген 12 мүшесі бір мезгілде ұсталды" - делінген хабарламада.

Тергеу болжамы бойынша, олар Қазақстандағы зайырлы құрылымды құлатуды көздеген. Ол үшін экстремистік идеологияны таратқан және қатарларына жаңа жақтастарды тартқан.

"Фигуранттардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тінту барысында тыйым салынған әдебиеттер мен басқа да дәлелді заттар анықталды.

Топтың бірқатар мүшесі - полиция қызметкерін өлтіру, бандитизм, қарақшылық, тонау және зорлау секілді ауыр қылмыстар жасағандары үшін бұрын сотты болғандар" - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.