14 қар, 2017 сағат 09:54

«ZHASPROJECT» жобасы жастардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік береді

Елімізде алғаш рет қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тарту мақсатында жастар корпусын дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының өрендері «ZHASPROJECT»-ке қатысып, 18 жобаны ұтып алған. Ал, осы бағытта кәсібін бастағандарға грант бөлініп, шәкіртақы төленеді.

Жергілікті жастар орталығындағы қыз-жігіттер шетінен талапты. Әрқайсысы – бір-бір жобаның авторы. Бүгінде топқа бірігіп, жұмыс істеп жатыр. Айдана Жораева есімді жас талап зағип жандар үшін аудио-журнал шығаруды қолға алған. Мысалы, «Әлемді сезіну» деп аталатын жобаның бұрын-соңды елімізде баламасы болмаған.

"Біз зағип жандарға арналған аудио-журналдар шығарудамыз. Біздің дискілеріміз ерлерге, нәзік жандыларға және балаларға арналған болып бөлінеді. Қазір барлық мәліметтерді дайындап, басуға дайындалудамыз", - дейді «Әлемді сезіну» жобасының авторы Айдана Жораева.

Көзі нашар көретін азаматтар аудио журналға қандай мәлімет керектігін өздері ұсыныпты. Ал жоба авторы болса, өнімін бастапқы 5 ай тегін таратпақ. Себебі «ZHASPROJECT» шарты солай. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге талпынысын, олардың балаларға арнап жасаған ұлттық нақыштағы сөмкелерінен, адамның ой өрісін дамытуға арналған боямақтары және кітапшалар дайындауынан аңғаруға болады.

"Мұндағы мақсатымыз – жастарды қолдап, қуаттау. Әлеуетін арттыру. Өз кәсібін ашуға мүмкіндік беру. Кентау қаласы осыған қатысты 18 жобаны ұтып алды. Облыс бойынша алғашқы орынның қатарында", - Кентау қалалық жастар орталығының басшысы Қанат Бекметов.

Кентау шаһарында құс фермасы некен-саяқ. Ал жас кәсіпкер Сұлтан Азат осы олқылықтың орнын толтыруға кірісіп кеткен. Жобаға қатысқан ол 1 миллион теңге ұтып алып, шағын құс өсіру кәсіпорнын ашады. Оның қорасында қазір 100 тауық бар. Жұмыртқасын аз қамтылған отбасыларға тегін таратады.

" «ZHASPROJECT» жобасы – болашақ жастарға деген өмірге қадам. Құдай қаласа, үлкен ферма ашып, Кентауды жұмыртқамен қамтамасыз етем деген ойдамын", - дейді құс фермасы жобасының авторы Сұлтан Азат.

Бірлігі жарасқан іскер жастардың ұраны бір. Ол - «Арманда! Ұсын! Іске асыр!».