Видеодан скриншот
Ақмолада киберполицейлер бірнеше алаяқтық схемаға қатысы бар дропперді ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында Ақмола киберполицейлері кем дегенде үш алаяқтық схемаға қатысы бар күдікті дропперді ұстады. Операция "Anti-Fraud" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілді. 24 жастағы күдікті интернет-алаяқтыққа қатысып, оны ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасында делдал қызметін атқарған. Ол үшінші тұлғаларды тауып, олардың атына әртүрлі банктерде шоттар ашты.
Сол шоттарды жәбірленушілерден ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланып, қаржыны қылмыстық схемалардың ұйымдастырушыларына жеткізген. Сонымен қатар күдіктінің SIM карталарды іске қосумен де айналысқаны анықталды. Бұл карталар алаяқтарға телефон қоңырауларын жасау және азаматтарды алдау үшін қолданылған. Мұндай тәсіл қаскөйлерге жеке басын жасыруға мүмкіндік беріп, олардың ізін табуды қиындатқан. Қазіргі уақытта ұсталған адамның кем дегенде үш алаяқтық эпизодқа қатысы расталған.
Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде полиция оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысын тексеріп, заңсыз әрекетінен зардап шеккен азаматтарды анықтау жұмысын жалғастыруда. Құқық қорғау органдары азаматтарға қаржылық операцияларды жүргізгенде сақ болуға, банктік деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге, сондай-ақ заңсыз немесе "жеңіл табыс" ұсыныстарына келісуге болмайтынын ескертеді.

