Фото: gov.kz
Түркістан облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының арнайы прокурорлары 13 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2012 жылғы 12 қазанда Сайрам ауданында алты ер адам жәбірленушіні соққыға жығып, кейін оны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерге жеткізген. Алайда қылмыстың өзге мән-жайлары құқық қорғау органдары тарапынан жария етілмей отыр.
Бас прокуратураның хабарлауынша, аталған алты күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық департаменті өткен жылдардағы қылмыстарды ашу бағытындағы жұмысты күшейткенін мәлімдеді. Департамент басшысы Сергей Стихеевтің айтуынша, заманауи технологиялар мен архивтік материалдарды қайта саралау арқылы ондаған жыл бұрын жасалған қылмыстардың беті ашылып жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Қазақстанда 70 жастағы әйелді өлтіру және зорлау дерегі 20 жылдан кейін ашылғаны белгілі болды. Бұл қылмыс 2006 жылы Қарағанды облысында жасалған. Қаскүнем қылмыс орнында биологиялық іздер қалдырған.
Заманауи криминалистикалық әдістердің көмегімен күдікті анықталып, ол өз кінәсін мойындаған.

