16 қаң, 2026 сағат 10:38

Алматыда шетелдік алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды

Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласында құқық қорғау органдарының, «Қазақтелеком» АҚ мен «Кселл» АҚ арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандум аясында шетелдік алаяқтық call-орталықтың заңсыз қызметі әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері шетелдік азаматтар ұйымдастырған алаяқтық схеманың жолын кесті. Тергеу барысында олардың Қазақстан Республикасының азаматтарын тарта отырып, телефон арқылы алаяқтық жасағаны анықталды.

Қаскүнемдер SIP-нөмірлерді сатып алып, оларды пайдалану арқылы азаматтарға мыңдаған алаяқтық қоңыраулар шалып, ақша қаражатын жымқыруды көздеген.

Жүргізілген жедел-тергеу іс-шаралары нәтижесінде call-орталықтың жұмысын қамтамасыз еткен серверлер анықталып, токтан және желіден ажыратылды. Заңсыз әрекеттер толықтай тоқтатылды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.