Фото: serke.org
Еуроодақ көшбасшылары 16 сағатқа созылған келіссөздер барысында Украинаға Еуропада бұғатталған Ресей активтері есебінен қаржылай қолдау көрсету тетігі бойынша ортақ шешімге келе алмады. Соған қарамастан, ЕО Киевке 2026–2027 жылдарға арналған 90 млрд еуро көлеміндегі қаржылай көмекті мақұлдады. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды Ult.kz "Адырна" сайтына сілтеме жасап.
Бұл қаражат Еуроодақ бюджетімен қамтамасыз етілетін қарыз есебінен бөлінбек. Бұл туралы ұзақ келіссөздерден кейін ЕО саммитінің төрағасы Антонио Коста әлеуметтік желілерде хабарлады.
Агенттік Reuters танысқан саммит қорытындысының жобасына сәйкес, қаржы капитал нарықтарынан қарыз алу арқылы, яғни ЕО бюджетінің кепілдігімен тартылмақ. Алайда бұл қаражаттың нақты көздері ресми түрде нақтыланған жоқ.
Украинаны қаржыландырудың бастапқы жоспары Еуропада бұғатталған Ресейдің валюталық резервтерін пайдалануға негізделген еді. Жоспарға сәйкес, Украина бұл қаражатты несие ретінде алып, оны Ресей соғыс салдарынан келген шығын үшін репарация төлегеннен кейін ғана өтеуі тиіс болатын. Қазіргі бағалаулар бойынша, соғыс салдарынан келген жалпы шығын 500 млрд доллардан асады.
Дегенмен, бұл бастамаға ЕО-ға мүше бірнеше ел бірден қарсы шықты. Проресейшіл ұстанымдағы Чехия, Венгрия және Словакиямен қатар, Италия да күмән білдірді. Ал негізгі қарсылықты Бельгия танытты. Себебі дәл осы елде Еуропада бұғатталған Ресей активтерінің басым бөлігі — 210 млрд еуроның 193 млрд еуросы сақтаулы тұрған Euroclear депозитарийі орналасқан.
Financial Times басылымының келіссөздерге қатысы бар ресми тұлғаларға сілтеме жасап хабарлауынша, Бельгия несиені қамтамасыз етуге байланысты барлық қаржылық тәуекелдер үшін ауқымды кепілдіктер талап еткен. Бұл талаптар өзге еуропалық көшбасшылар тарапынан қолдау таппаған.
Reuters агенттігіне пікір білдірген еуропалық дипломаттың айтуынша, бұл жағдайда ЕО Украинаны құтқару мәселесінен гөрі, бастаманы қолдаған тараптардың саяси беделін сақтап қалуға көбірек назар аударған.
Осылайша, Еуроодақ Ресей активтерін тікелей пайдаланудан бас тартып, Украинаға қаржылай қолдауды балама механизм арқылы жүзеге асыруға шешім қабылдады.
