28 қаң, 2026 сағат 11:26

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп мұғалімін құттықтады

Фото: Ақорда

Президент Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусованы Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енуіне орай құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.

– Бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Айта кетейік, Алматыдағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова халықаралық Global Teacher Prize байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтың қатарына енді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Татьяна Белоусова – педагог-шебер, көптеген жылдар бойы оқушыларға химия пәнінен білім беріп келеді. Ол 2024 жылы «Қазақстан мұғалімі» құрметті атағына ие болған.

Өткен жылы ұстаз халықаралық байқаудың бірнеше кезеңінен сүрінбей өтіп, сауалнама тапсырудан бастап, қосымша материалдарды ұсыну, сарапшылардың бағалауы және финалдық іріктеуге дейінгі кезеңдерден өткен.

Ресми мәліметке сәйкес, әлемнің үздік 50 мұғалімінің тізімі 2025 жылғы 15 желтоқсанда Global Teacher Prize сайтына жарияланған. Ал финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылдың 1–5 ақпаны аралығында Дубайда, халықаралық білім беру форумы аясында өтеді.

Айта кетейік, Қазақстан бұл байқауға бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытқа дейін еліміздің өкілдері үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогының қатарына енген, оның ішінде биылғы іріктеу де бар.