Фото: видеодан скриншот
Алматы облысының Қаскелең қаласында отбасылық зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға 24 қаңтардан 25 қаңтарға қараған түні болған, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ажырасу процесінде жүрген ер адам жұбайының үйіне заңсыз кіріп, туындаған жанжал кезінде әйелін және оның анасын таяқпен ұрған. Сонымен қатар күдікті үйдің терезелерін сындырып, автокөлікке қасақана зақым келтірген. Тұрғындардың айтуынша, күдікті елге танымал асаба.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода жәбірленуші болған жағдайды баяндап, шабуыл салдарын көрсетеді. Оқиға туралы хабар түскен соң оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткен.
«Ол мені кезекті рет ұрып-соқты. Көлігімді де бүлдірді. Күректің сабымен аяғымды, арқамды оңдырмай ұрды. Анамды да соққыға жықты. Сол қолымды мүлдем сезбей тұрмын, бет-аузым қан-қан. Балаларымызды сылтауратып, оларды алып кеткен сайын ұрып-соғады. Полицияны шақырдым, қазір күтіп отырмын. Өтінемін, маған көмектесіңіздер. Прокуратураға да арыз жазамын», – деді ол.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 31 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша екі бап бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
