23 жел, 2025 сағат 12:34

Қазақстанда 2,2 млн-нан астам шағын және орта бизнес жұмыс істейді

Фото: Pexels.com

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған жүйелі шаралар қолға алынуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде елде 2,2 миллионнан астам шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісі жұмыс істейді. Аталған салада 4 миллионнан аса адам еңбек етіп, кәсіпкерлік халық үшін негізгі табыс көздерінің біріне айналып отыр.

«Халықтың табысының маңызды көзі болып саналатын кәсіпкерлікті дамыту – Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында тұрған мәселе. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес жүргізу қағидаларын жетілдіріп, оны барынша түсінікті әрі ашық ету маңызды», – деді Олжас Бектенов.


Премьер-министр Үкіметтің бизнес-қауымдастықпен тығыз жұмыс істей отырып, жаңа салық саясатын қалыптастырып жатқанын атап өтті. Соның аясында кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктеме айтарлықтай азаймақ.

Атап айтқанда, салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Бұл кәсіпкерлердің есеп беруге кететін уақытын үнемдеп, өз ісін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

«Есептілік пен бюрократияның азаюы кәсіпкерлерге бизнесін кеңейтуге нақты жағдай жасайды», – деді Үкімет басшысы.


Сонымен қатар жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімдері жергілікті әкімдіктердің иелігінде қалады. Бұл өзгеріс өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға тікелей ынталандыру тетігі болмақ.

«Енді әкімдер әрбір кәсіпкердің табысты болуына мүдделі болады. Өйткені шағын бизнестің дамуы жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне тікелей әсер етеді», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.


Аталған бастамалар Президенттің экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және кәсіпкерлікті ел дамуының негізгі тірегіне айналдыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.