22 жел, 2025 сағат 10:55

Алматыда студент оқытушыны пышақпен жарақаттады


Фото: 7kun.kz

Алматыдағы ALT University-де білім алатын студент оқытушыға пышақ жарақатын салды. Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс тіркеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиғаға қатысты түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, жанжал баға мәселесіне байланысты туындағаны айтылуда. Дегенмен, оқу орнының өкілдері күдікті студенттің өзге кафедрада оқитынын және жәбірленген оқытушының оған дәріс өткізбегенін мәлімдеді.

Күдіктімен бірге оқитын студенттердің айтуынша, жігіт бұған дейін агрессия танытпаған, сабырлы әрі тұйық мінезді болған. 
Ведомство дерегінше, Алмалы аудандық полиция басқармасы аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғаған.

Күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

Оқытушы ауруханада тексеруден өтіп, үйіне жіберілді — өміріне қауіп жоқ, жарақаттары жеңіл.