22 жел, 2025 сағат 12:40

TikTok эфирінде «Тринька» атты заңсыз құмар ойын өткізгендер ұсталды

Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз онлайн-құмар ойын бизнесін ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін әшкерелеп, тоқтатты, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер екі жыл бойы «TauBrat» парақшасы арқылы TikTok және YouTube платформаларында тікелей эфирге шығып, «Тринька» атты заңсыз құмар ойын өткізген.

Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру мақсатында олар банктік карталары бар «дроптарды» пайдаланып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.

Жалпы қылмыстық табыс көлемі 93 миллион теңгеден асқан. Аталған қаражатқа күдіктілер Hyundai Sonata автокөлігін және тұрғын үйі бар жер телімін сатып алған.

Сот санкциясымен бұл мүліктерге тыйым салынды. Сонымен қатар екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.