20 қаң, 2026 сағат 14:42

Президент: Қазақстанда мәдениет пен өнер саласында ауқымды жобалар мен жастарға қолдау көрсетіледі

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты – мәдениет пен өнер екенін атап, биыл және жақын уақытта атқарылатын ауқымды жобаларды жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар толық нәтиже бермейді. Сол себепті руханият саласына ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Алматы облысында қазақ драма театры, Абай мен Ақтөбе облыстарында жаңа театрлар бой көтермек, ал Шымкентте опера және балет театрының құрылысы басталады.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Сондай-ақ Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады. Екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді.

Музей ісін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі заман талабына сай жабдықталған. Биыл қалада жаңа драма театр мен заманауи кітапхана салу жұмыстары басталады.

Сондай-ақ Президент жастардың рөліне тоқталып, олардың ұлттық бірегейлікті өнерімен айшықтап, елімізді жаһан жұртына танытып жатқанына ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жан-жақты қолдау көрсетілетінін, олардың ұлттық құндылықтармен қатар заманауи қасиеттерді бойына сіңіруіне жағдай жасалатынын жеткізді.