Фото: Sn.kz
Мемлекет басшысы Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Қазақстанның тарихи мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу және оны халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар ауқымды жобаны атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, биыл көктемде Жошы хан туралы көп сериялы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Аталған жоба алғаш рет Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында жарияланған. Фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтпек.
Мемлекет басшысы бұл туынды Алтын Орда брендін әлемге танытуға ықпал ететінін атап өтіп, тарихи тақырыпты игеруде визуалды көркемдікпен қатар мазмұнның тереңдігі мен ғылыми негізінің маңыздылығына назар аудару қажеттігін айтты.
Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің жетекші ғалымдары шақырылады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ түркі өркениетін зерттеуге де ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Қыркүйек айында Ресей және өзге де елдердің ғалымдарының қатысуымен «Ұлы Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.
Президент бес жыл бұрын жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қазақстанның жаңа академиялық тарихын дайындау міндеті қойылғанын еске салды. Мемлекет басшысының айтуынша, заманауи ғылыми тәсілдерге негізделген жеті томдық академиялық тарихты әзірлеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады.
Бұл іргелі ғылыми еңбек Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға маңызды үлес қосады. Сондай-ақ аталмыш ғылыми оқиғаның Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі символдық мәнге ие екені атап өтілді.
