Фото: ҚР ДСМ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларын бақылауды цифрлық форматқа көшірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл жұмыс e-SEN платформасында санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау сервистік бағдарламасын іске қосу аясында жүзеге асырылып отыр.
Жаңа жүйе персоналдың жеке медициналық кітапшаларының қолданылу мерзімін автоматты түрде қадағалап, жұмыс берушілерге рұқсаттың аяқталғаны туралы хабарлайды. Бұл медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлерді дер кезінде шеттетуге және инфекциялық аурулардың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрлық бақылау санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай жүйесіне енгізілген. Қазіргі таңда платформада 178 мыңнан астам объекті, 95 мыңнан астам кәсіпкерлік субъект тіркеліп, 104 мыңнан астам пайдаланушы қамтылған.
Жүйе қашықтан профилактикалық бақылау жүргізуге, бұзушылықтарды талдауға және қағаз құжат айналымын толықтай жоюға мүмкіндік береді. Ал 2026–2027 жылдары санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйінің толық тарихын қамтитын объектінің цифрлық паспорты енгізіледі.
Жоба санитариялық қауіптердің алдын алуға және қадағалау қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
