29 жел, 2017 сағат 13:42

БҚО-да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мыңға жуық тұрғын баспаналы болды

2017 жылы Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 985 пәтерден тұратын 7 үй салынған. Солардың ішінде аталған мемлекеттік бағдарламаның «Жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша кредиттік тұрғын үй» бағыты бойынша 481 пәтерлік 4 үй, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша 504 пәтерлік 3 үй бой көтерді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Батыс Қазақстан облыстық филиалы жылдық жұмыс қорытындысы турасында БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында филиал директоры Айгүл Наурызәлиева толық айтып өтті. Одан бөлек брифингке қатысқан БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Айгүл Наурызәлиеваның айтуынша, биылғы жылы облыста 55 000-ға жуық адам мемлекеттің сыйақысын алады. Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен салым ашқан аймақ тұрғындарының саны. Олардың 18 722-сі келісімшартты 2017 жылы ресімдеген.

2017 жылы Батыс Қазақстан облысында 2505 адам 12,5 млрд. теңгенің займын алып, тұрғын үй жағдайын жақсартыпты.

Келесі жылы банк «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. «Құрылысты жеке құрылыс жүргізушілер арқылы ынталандыру» бағытының аясында 2018 жылы облыстың 173 тұрғыны қоныс тойын тойламақ. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Қаз-Хол» ЖШС және «Караванный путь» ЖШС арасында қол қойылған келісімдерге сәйкес, Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 198 мекенжайында 9 қабатты тұрғын үйдің және Гагарин көшесі, 2 мекенжайы бойынша 126 пәтерлік үйдің құрылысы жүруде. Үйлер 2018 жылдың тамызында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағытында Тоқпай, Федоровка, Переметное және Дариян елді мекендерінде жер үйлер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл елді мекендердің барлығы облыс орталығына жақын орналасқан. Аталған жобалар бойынша бөлмелердің орналасу реті және нысандардың бірыңғай сәулеттік стильде болатыны анықталды. Мұндағы үйлердің бір шаршы метрінің бағасы 120 000 теңгеден аспайтын болады (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды есептемегенде). Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары жеке тұрғын үйлер құрылысы жобасының эскиздерін әзірлеуде. Бұл құжаттар алдағы уақытта жергілікті әкімдікке мақұлдануға жіберіліп, жүзеге асырылмақ.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке өнімі - «Өз үйім» бағдарламасы да аймақта сәтті жүріп жатыр. Аталған жобаның аясында 2018 жылы БҚО ІІД қызметкерлері баспаналы болады. Сонымен қатар, Оралдың Солтүстік-Шығыс бөлігінде «Батыс Қазақстан электр тарату желісі компаниясы» АҚ мен «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлері үшін 9 қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл ұйымдарда істейтін қызметкерлердің жалпы саны 800-ден асады. Олардың көпшілігі – баспаналы боламын деп ақша жинап жатқан банк салымшылары.

2018 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлерге арналған жаңа өнімді ұсынатын болады. Әскери мамандар бюджеттен тұрғын үйді жалға алу үшін алатын тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, баспаналы бола алады.

Бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңына сәйкес, тұрғын үйді қажет ететін әскери қызметкерлер (мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерді, курсанттар мен кадеттерді қоспағанда) және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері тұрғын үй жалдағандары үшін мақсатты өтемақы алатын еді.

Келесі жылдан бастап әскери қызметкерлер дәл осы тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу арқылы баспаналы бола алады.

Жаңа модель қай жағынан алса да өте тиімді.

Біріншіден, тұтынудан қаражат сақтап, жинауға көшуге мүмкіндік береді, себебі, әскери және арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін баспаналы боламын деп жинай бастайды.

Екіншіден, жаңа механизм бюджет шығындарының әскери қызметкерлердің баспаналы болуы үшін жұмсалуына жол ашады, ал қазір ол қаражат жалға берушілердің қалтасына кетіп жатыр.

Үшіншіден, әскери қызметкерлерді несиелендіру бір өнім аясында жүзеге асыралатын болады. Яғни, тұрғын үй төлемдерін алушылар мен тұрғын үй төлемдерінің көлемі бір орталықтандырылады, республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаның қалай пайдаланылып жатқандығы ашық жүреді.

Жаңа өнімге сәйкес, әскери қызметкерлер жаңа пәтер де, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатып ала алатын болады. Бағдарламаға сәйкес, заем бойынша сомаға шектеу жоқ. Жинақ көлемі немесе алғашқы жарна неғұрлым көп болса, заем сомасы да соғұрлым жоғары болады. Өнім шарттарының бірі – заем бойынша төлем көлемі тұрғын үй төлемі көлемінен аспауы керек.

Әлібек Антазиевтің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде.  Күні бүгін облыста 18 көппәтерлі және 188 бір қабатты тұрғын үйлер салынуда. Бұл мақсатқа қаржыландырудың барлық көздерінен 15 млрд. теңге бөлінген. Жыл аяғына дейін 10 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда (9 үй Орал қаласында, 1 үй Ақсай қаласында). Сондай-ақ ауылдық жерде 113 бір қабатты үйлер иелеріне тапсырылады.

- «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салу жоспары 278,1 мың шарты метр. Алайда, біз қазірдің өзінде бұл салада үлкен алға басушылықты көріп отырмыз. Біз жоспарлы межені 36%-ға асыра орындадық, яғни 300 мың шаршы метрден аса үй салынды. Алдағы 2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына арналған 14 үйдің құрылысы басталады, - деп атап өтті Ә.Антазиев.