07 нау, 2025 сағат 13:20

100 млн теңгеге кәсіпкерді сан соқтырған алаяқ Германиядан Қазақстанға экстрадицияланды


© Photo : Pexels / Tima Miroshnichenko


Германия Федеративтік Республикасынан Қазақстанға аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратура.


Ол 2023 жылдың қаңтар айында екі сыбайласымен алдын ала сөз байласу арқылы қазақтың жұмсақ бидайының ірі партиясын жеткіземіз деген желеумен жалған серіктестік құрып, алаяқтық жолмен кәсіпкердің жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам қаражатын иемденіп алған.


Қылмыстық қудалау органдары сотталушылардың бірін ұстады. Қалған екеуі ізін суытып үлгерген болатын. Сондықтан оларға халықаралық іздеу жарияланған.


Күдіктінің бірі жедел іздестіру шараларының нәтижесінде өткен жылдың қазан айында Германияның Нюрнберг қаласында анықталды.


Осыдан кейін Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша сотталушы өз еліне экстрадицияланды.

Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.


Қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.