10 шіл, 2025 сағат 10:51

13 адам қаза тапқан хостелдегі өрт: Сот үкімі шықты

Фото: Dalanews.kz

2023 жылдың қарашасында Алматыдағы хостелде болған, 13 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға соңғы нүкте қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл қылмыстық іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтың қарауымен өтті. Айыптаушылар - пәтерді жалға алған Әділбек Мұхамедьяров пен өртке қарсы қауіпсіздік жүйесін орнатқан компанияның иесі -  Александр Пекельник.

Сот Әділбек Мұхамедьяровты кінәлі деп танып, оны 5 жылға түзеу колониясына қамау туралы үкім шығарды. Ол 2024 жылдың наурызынан бастап үйқамақта болғандықтан, сот залында тұтқындалды.

Александр Пекельник те кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең төменгі режимдегі түзеу мекемесінде өтейді.

Іс бойынша сот процесі тоғыз айға созылды. Судья сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, санитарлық талаптардың бұзылуы мен жауапсыздықтың салдарынан 13 адамның оттан аман қалуға мүмкіндігі болмағанын атап өтті.