
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақмола облысында бір топ тәртіп сақшысы марапатталды. Оның ішінде Көкшетауда өрт кезінде 14 адамды құтқарған екі аға лейтенантына грамота тапсырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шарада қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтауға зор үлес қосқан полиция қызметкерлерін құттықтап, марапаттаған ведомство басшысы ҚР Ішкі істер министрінің құттықтау жедел хатын оқып берді.

«Салтанатты шарада экстремалды жағдайда ерлік пен біліктілік танытқан тәртіп сақшылары департамент басшысының грамоталарымен марапатталды. Оның ішінде Көкшетауда өрт кезінде 14 адамды құтқарған полицияның аға лейтенантары Олжас Әлпейісов пен Ерсайын Елубаев бар. Сонымен бірге, жас тәртіп сақшылары - Көкшетау қалалық полиция басқармасының тергеушісі, полиция лейтенанты Айбек Рахимов пен ПД Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Тимур Шайхиновтың ата-анасына Алғыс хат жолданды» деді ведомстводан.


Бұдан бөлек, 10 тәртіп сақшысына «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі мен «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі, ҚР ІІМ Алғыс хаты мен грамотасы тапсырылды.
Айта кетейік, желтоқсанның 12-да Көкшетау қаласында өрт болып, оқиға орнына бірінші жеткен тәртіп сақшылары Олжас Әлпейісов пен Ерсайын Елубаев 14 адамды құтқарды, оның төртеуі - бала.

