05 жел, 2016 сағат 18:28

Индустрияландыру күні һәм үздік кәсіпорындар марапаты

6 желтоқсан күні Астанада сапа саласындағы жетістіктері үшін «Алтын сапа» Президент сыйлығымен марапаттау салтанатты шарасы, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша байқаудың жеңімпаздарын марапаттау және Индустрияландыру күні аясында телекөпір өтеді.  

Биыл «Алтын сапа» Президент сыйлығына 100-ден астам кәсіпорын үміткер болды. Бұл сыйлық дәстүрлі түрде үш санат бойынша үш аталыммен беріледі: 

  • «Өндірістік бағыттағы ең үздік кәсіпорын»;
  • «Халыққа арналған тауар шығаратын ең үздік кәсіпорын»;
  • «Қызмет көрсететін ең үздік кәсіпорын».

Жеңімпаздар «Сапа көшбасшысы», «Ең үздік индустриалдық жоба», «Ең үздік инновациялық жоба» негізгі аталымдары бойынша және алғаш рет «Азық-түлік немесе ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін ең үздік кәсіпорын» аталымы бойынша анықталады.

«Алтын сапа» байқауының мақсаттары кәсіпорындар мен ұйымдардың отандық өнім сапасын арттыру бойынша жұмысын белсендіру, Қазақстан нарығында бәсекеге қабілетті өнімнің артуына ықпал ету, сонымен қатар халық арасында сапа идеясын насихаттау болып табылады.

«Алтын сапа» Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығын алуға байқау заманауи менеджменттің даму бағыттарын ескеретін және Сапа бойынша Еуропа сыйлығының үлгісіне сәйкес келетін үлгі бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, қабылданған критерийлер өнімдер мен қызметтер саласындағы ТМД сыйлығына барабар.

Бұдан өзге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі  өтеді.

Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» байқауына қатысуға еліміздегі 501 кәсіпорынның басшылары өтінім берді.

Байқаудың аймақтық кезеңінің қорытындылары бойынша ең көп өтінім Алматы қаласының ұйымдары мен кәсіпорындарынан келіп түскен – 68, ал Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысынан 53 үміткерден тіркелген.

Байқауға қатысушылардың жалпы санынан ең көп өтінім (263 кәсіпорын) «Ең үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» аталымы бойынша берілді, онда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуіне және жалпы қоғамның әл-ауқатының жақсаруына бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыратын үміткерлердің жұмысы бағаланды.  

89 кәсіпорын «Ең үздік ұжымдық келісім» аталымына қатысуға өтінім берді, 78 конкурсқа қатысушы «Еңбек қауіпсіздігі саласындағы ең үздік кәсіпорын» аталымының қатысушысы болды, тағы 71 өтінім «Экологияға үлесі үшін» аталымына келіп түсті.

Еске салайық, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» байқауы Мемлекет басшысының жарлығымен 2008 жылы тағайындалған. Жалпы 8 жыл ішінде оған шағын, орта және ірі бизнестегі 3 мыңнан астам кәсіпорын қатысқан.

«Қазақстанның үздік тауары»  республикалық көрме-байқауының дипломанттары да өздеріне лайықты марапаттарын иеленеді.  

Дәстүрлі түрде байқау жеңімпаздары үш санатта үш аталым бойынша анықталатын болады:

  • «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»
  • «Халыққа арналған үздік тауарлар»
  • «Ең үздік өндірістік тауарлар».

Биыл республикалық көрме-байқауына аймақтық іріктеуден өткен 145 жеңімпаз компания қатысты.

9 дипломант өз аталымдары бойынша «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Олар байқау Эмблемасын жарнамалық мақсатта 4 жыл бойы пайдалану құқығына ие болады.

Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының сыйлығына  үміткер байқауға қатысушылардың ішінен өз ісінде табысқа қол жеткізген кәсіпорындарға «Іскер» арнайы сыйлығын табыстайтын болады.

Дәл осы күні алғаш рет «Ұлы дала елі» негізгі брендін пайдалану құқығын беруді ұйғару үшін байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.  

Қазақстан брендін халықаралық ауқымда ілгерілетіп жүрген отандық компаниялар жақын және алыс шетелдерде кеңінен насихаттау мақсатында негізгі брендті пайдалану құқығын иеленетін болады. 

«Ұлы дала елі» негізгі бренді отандық үздік компанияларға – еліміздің үздік экспортерлері ретінде ірі, орта және шағын бизнес өкілдеріне жыл сайын табысталады. Осылайша, «Ұлы дала елі» бірыңғай брендімен ең үздік қазақстандық өнімдер мен қызметтер біріктіріледі, ал эмблема еліміздің «бет-бейнесіне» айналып, Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджі мен танымалдылығын арттырады және «Ұлы дала елінің» өнімдерінің жоғары сапасын паш ететін болады.

Сонымен қатар дәл осы күні дәстүрлі түрде телекөпір өтіп, оның аясында Индустрияландыру картасының жобаларының тұсауы кесіледі.

Мемлекет басшысы телекөпір режімінде нысандардағы өндірісті іске қосып, индустрияландыру аясындағы жобалар құрылысының басталуына белгі береді.

Телекөпір аяқталған соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз»  байқауының жеңімпазына  Гран-при және «Алтын сапа» байқауының аясында негізгі үш аталым: «Сапа көшбасшысы», «Ең үздік индустриалдық жоба», «Ең үздік инновациялық жоба» бойынша сыйлықтар табыстайды.  

Сонымен қатар, Индустрияландыру күні аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішіндегі индустриалдық даму кезеңдерін бейнелейтін фотосуреттер көрмесі өтеді.