05 жел, 2025 сағат 17:22

Риддерде Мәңгілік алауға тауық қуырғандар іздестіріліп жатыр

Фото: Halyqstan

Риддердегі Мәңгілік алаудың жанында қуырылған тауықтың қалдықтары табылды. Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бұзақыларды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Жергілікті тұрғын таңертең Мәңгілік алау шетінен тауық қалдығын тауып алып, мұны желіге жариялады. Сосын мұны полиция мен қала әкімдігіне мәлімдеп, ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан батырларға арналған ескерткіштің неге мұндай жағдайда қалғанын сұрады.

Тұрғын жартылай күйген етті жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тастаған, ал коммуналдық қызметкерлер оның өтініші бойынша дереу келіп, қоқысты тазалаған.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті қорлау дерегі бойынша істі тіркеді. 

"Қазір құқықбұзушыларды анықтау және олардың сөзсіз қылмыстық жауапқа тартылуын қамтамасыз ету үшін бірқатар тергеу және процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері айналадағы аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, куәгерлерді анықтап, олардан жауап алды", – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.


Сондай-ақ полиция заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың сөзсіз міндеті екенін еске салды.

Тарихи және мәдени ескерткіштерді, ғимараттар мен құрылыстарды қорлауға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Кез келген заңсыз әрекеттер қатаң түрде тоқтатылады, ал кінәлі деп танылғандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланады.