29 сәу, 2024 сағат 16:42

2193 адам және 16 қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды - Қарулы Күштер су тасқынымен қалай күресті


Фото: Қорғаныс министрлігі

 Бүгінгі күні су тасқынына қарсы іс-шараларға ҚР Қарулы Күшінен 2193 адам және 16 қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Қорғаныс Министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин баяндады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Жағдайдың тұрақтануы мен су деңгейінің төмендеуіне байланысты Қарулы күштердің жеке құрамы мен әскери техникасының бір бөлігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан тұрақты орналасу пунктеріне қайтарылды (жеке құрам – 786 адам, ҚЖжӘТ – 25 бірлік)", -деп мәлімдеді Жангулин.


Ведомствоның ресми өкілінің баяндауынша Атырау облысында жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіліп, Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілген. Құлсары кентінде 2000 метрлік жағалау аумағы тазартылып, «Басшы ата» орталық зиратының, №15 орта білім беру мектебінің және тұрақты су қоры сақталған алаңдардың аумағына дезинфекция жүргізілді. 


"Ақтөбе облысында Ойыл өзені арқылы жергілікті халықты, техника мен жүктерді пароммен өткізу жалғасуда (5 пароморейс орындалып, 17 көлік, 20 адам және 2 тонна жүк тасымалданды). Жайсаңбай ауылында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе қаласында радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің мамандары әлеуметтік маңызы бар объектілерге дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.  
Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласында, Бескөл кентінде және Смирнов ауылында гуманитарлық көмекті түсіруге қатысты. Әскери паромдармен 2 рейс жасалып, Прибрежный ауылына 326 адам жеткізілді.
Ақмола облысында әскери қызметшілер Есіл ауданының Заречный кентіндегі әкімдікті, су сору станциясын, асхана мен наубайхананы электрмен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындады", -деп отыр Қорғаныс Министрлігінің ресми өкілі.


27 наурыз бен 29 сәуір аралығында су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштерден жеке құрамның 6 153 адамы, 255 бірлік техника, армиялық авиацияның 12 тікұшағы мен 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылған екен. Ұшу уақыты 576 сағат 7 минутты құрайтын 591 ұшу жасалды  3 475 адам эвакуацияланып, 1 770 адам және 233 471 келі жүк тасымалданған. Осы кезеңде барлығы 2,1 млн. астам құм салынған қапшық дайындалып, төселді. Жалпы ауданы 435,47 Га болатын 40 нысанға дезинфекция жүргізілді.