26 нау, 2026 сағат 12:48

Ақтөбеде жүкті әйел мінген жедел жәрдем апатқа ұшырап, көлік аударылып қалды


Фото: ашық дереккөз


Ақтөбе қаласында жүкті әйел мінген жедел жәрдем көлігі жол апатына түсіп, аударылып қалды, деп хабарлайды Ult.kz.


Оқиға Сәңкібай батыр даңғылында болған. Ақтөбе облыстық Полиция департаменті мәліметінше, жедел медициналық көмек көлігі мен Toyota автокөлігі соқтығысқан. Соқтығысу салдарынан жедел жәрдем көлігі қырына аударылған.


Көлік ішінде 34 жастағы жүкті әйел болған. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның жүктіліктің 37-аптасында болғанын хабарлады. Жол апатынан кейін әйел босану бөліміне шұғыл жеткізілген, себебі толғағы басталған.


Дәрігерлердің айтуынша, әйел аман-есен босанып, дені сау қыз дүниеге келген. Мамандар тексергеннен кейін ананың жағдайы тұрақты деп бағаланған. Ана мен баланың жағдайы қазір дәрігерлердің бақылауында.

Басқарма мәліметінше, жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері де тексеруден өткен, олардың жағдайы тұрақты.


Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және сиренасы қосулы жедел жәрдем көліктеріне міндетті түрде жол беруге шақырды.