08 қыр, 2025 сағат 11:17

Жүктілік жәрдемақысын заңсыз рәсімдегендер сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындау деректерін әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.

2024–2025 жылдары жалпы сомасы 1,2 млрд теңге залал келтірген 13 қылмыстық іс тергелді. Оның ішінде 10 іс жүктілікке байланысты жәрдемақыны заңсыз рәсімдеуге қатысты болса, бұл схемаларды ұйымдастырған 15 адам жауапқа тартылды.

Жалған жұмыспен қамту арқылы 385 жүкті әйелге негізсіз жәрдемақы рәсімделіп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

  • Ақтөбе облысында Үмірбекова мен Баймұрзаева 70 әйелді жалған кәсіпкерліктерге жұмысқа орналастырып, 487 млн теңге жымқырғаны үшін 6 жылға сотталды.

  • Шымкентте Дүйсенова ұқсас схема арқылы 98 млн теңге ұрлап, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алаяқтар жүкті әйелдерді арнайы құрылған ЖК-ларға жалған тіркеп, өткен күнмен жоғары көлемде әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Осылайша көтеріңкі төлемдер алуға жағдай жасаған.

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша да заңсыздықтар анықталды. 15 лауазымды тұлғаға қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды. Бас бухгалтерлер әлеуметтік осал топқа кірмейтін адамдарды көмек алушылар тізіміне енгізіп, қаржыны жалған тұлғалардың шотына аударып, қолма-қол ақшаға айналдырған.

2023 жылдан бері құжат рәсімдеу және әлеуметтік мәртебені eGov порталы арқылы алу процесінің цифрландырылуы мұндай қылмыстарға жол бермейтін болды.

Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныстар жолдап, нәтижесінде ережелерге өзгерістер енгізілді: енді жәрдемақы тағайындау кезінде «өткен» күнмен төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды.