09 там, 2025 сағат 13:37

Абай облысында 1,4 млрд теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді

Фото: Informburo.kz

Абай облысы Аягөз ауданында прокуратура араласуынан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңсыз мемлекеттік сатып алу келісімі жойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі 2025 жылдың 30 мамырында «МИТ Теплосервис» ЖШС-мен «Орталық» қазандығына күрделі жөндеу жүргізу туралы 1 млрд теңгеден астам сомаға шарт жасасқан. Сатып алу төтенше жағдайлардың салдарын алдын алу деген негізбен бір көзден алу тәсілімен өткен. Алайда 2025 жылы ауданда төтенше жағдай жарияланбаған, сондықтан бұл тәсілді қолдануға заңды негіз болмаған.

Бұған қоса, 2023 жылдың 10 қарашасында дәл осы бөлім жаңа қазандық орнатуға 110 млн теңге сомасына үш жылдық кепілдікпен ұқсас шартқа отырғаны белгілі болды.

Прокуратураның қадағалау актісі нәтижесінде заңсыз келісімнің күші жойылды. ТКШ бөлімінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабы бойынша жауапқа тартылып, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Осылайша, 1,4 млрд теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.