10 мау, 2023 сағат 15:42

Абай облысында эвакуацияланған тұрғындар біртіндеп үйіне оралып жатыр

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды, жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Камышенка орманшылығы аумағында өрт оқшауланғанын және жұмыстар Успен орманшылығында жалғасып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ елді мекендерге қауіп төнбейтінін айтты.

«Бүгінгі таңда жағдай бақылауда. Жалын шарпыған аумақ - 60 мың га. Өртті сөндіруге жеке құрамның 922 адамы, 200-ге жуық техника мен 8 тікұшақ жұмылдырылған.

Бізде үш даму ошағы болды. Екі ошақта өрт басылды, батыс шетінде - Каштак орманшылығында өрт өрши түсті. Ал Камышенка орманшылығының аумағында өрт іс жүзінде оқшауланды, Успен орманшылығында да оқшаулау жұмысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір халық үйлеріне оралып жатыр, қауіп толығымен жойылды.

Астана, Қарағанды облысы, Семей, ШҚО ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ 200 адамнан тұратын Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары тартылды. Семей орманы» резерватының барлық дерлік күш-құралдары тартылды", - деді облыс әкімінің орынбасары.

ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов жағдайдың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын растады.

"Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ауа-райы өте қиын болды, бірақ қазір өрт сөндірушілердің жұмысының арқасында жағдай біртіндеп тұрақтанып келеді. Негізгі от ошақтары ғарыш мониторингі арқылы тіркелген. Өрттің жалпы ауданы шамамен 60 мың гектарды құрайды. Басқа салалардан қосымша күш-құралдарды тарту нәтиже берді, жағдай біздің бақылауымызда. Эвакуацияланған азаматтар біртіндеп үйлеріне оралады», - деп қорытындылады Нұрболат Дербісов.