25 мам, 2023 сағат 19:28

Абай облысындағы орман өртін сөндіруге 10 тікұшақ жұмылдырылды

Фото: ҚР ТЖМ

Абай облысындағы орман өртін сөндіруге 10 тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, орман өртін сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінен - 5, Қорғаныс министрлігінен - 3, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен - 2, яғни барлығы 10 тікұшақ жұмылдырылған. Оның ішінде 2 тікұшақ аумақты аэровизуалды ұшуды жүргізеді. Бүгінгі таңда 52 рет 130 тонна су ағызылған. Сондай-ақ, барлығы 298 рет 745 тонна су себілген.

"Өртті сөндіруге жеке құрамның 800-ден астам адамы, 200-ден астам техника, 1 ҚТЖ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Қазір авиациялық және автомобиль техникасын пайдалана отырып, үш учаскеде сөндіру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 68303 ТЖМ әскери бөлімінің және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері жекелеген ошақтарды 126 адам мөлшеріндегі рюкзактармен және мүмкіндік құралдарымен сөндіруде" - делінген хабарламада.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жалпы жану аумағы шамамен 3500 га. құрайды. Секундына 6-10 метр екпінді желдің болуы салдарынан, өртті сөндіру жұмыстары қиындауда. Сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен тұзды жерлердің болуы да өрттің өршуіне әсер етіп отыр.

"Аудан әкімі Е. Селихановтың шешімімен Абай облысының Бородулиха ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Өртті сөндіру жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Абай облысының "Birgemiz" волонтерлер фронт-офисімен өрт сөндіру орындарында волонтерлер, олардың ұйымдарының жұмысы ұйымдастырылып, үйлестірілуде.

ТЖМ мен Абай облысы ТЖД жедел штабтарының жұмысы жалғасып жатыр. Олардың міндеттері ТЖ аймағындағы жағдай туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау, қажетті ақпаратты беру; ТЖ күрделенуін және олардың салдарын болжау; ТЖ жою мәселелерін жедел шешу бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады. Сондай-ақ өрт орнында командалық-штабтық машинаның жұмысы жүргізілуде" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Қазгидромет» деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында секундына 15-20 метрге дейін екпіні бар солтүстік-шығыс жел күтіледі.