25 сәу, 2024 сағат 11:18

Абайлаңыз, кене: Алматыда бір айда 214 адам дәрігер көмегіне жүгінген


Алматы қаласында бір ай ішінде кене шаққан 214 азамат дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың жартысынан көбі бала екен.

31-арнаның “Информбюро” бағдарламасының хабарлауынша, қайта қауіпті жәндіктен зардап шеккен тұрғындардың бірде бірінен конго-гемморагиялық қызбасы анықталмапты.

Еліміздің оңтүстігінде де кенеден келетін қауіп күшейген.

Әсіресе Қызылорда облысында күн райы күрт жылынғандықтан зиянкестер ерте оянған. Оның үстіне өңірде биыл конго-қырым безгегінің ошағы саналатын елдімекендер саны артқан екен. Қазір санитар мамандар залалсыздандыру жұмыстарына белсене кіріскен.

Ал көктем басталғалы жалпы өңірде 72 тұрғынды кене шағып, медициналық көмек алыпты. Зиянкес жәндіктен зардап шеккендердің дені қала тұрғындары. Сондықтан ақ халаттылар қауіпті жәндік шаққан жағдайда, өз бетінше ем жасамай, бірден ауруханаға келу керегін ескертеді.

"Қызыордада қазірге дейін кене шаққан 54 адам тіркелді. Олардың бәрі медициналық көмекке жүгінген. Олар амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Аймақтағы емханаларда 14 күн бақылауда болады. Конго-гемморагиялық қызбасына күдіктілер тіркелген жоқ", – деді Қызылорда қалалық санитария-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Айгүл Мусиева.