16 ақп, 2024 сағат 14:19

Адвокат: Марат Жыланбаев денсаулығына байланысты аштықты тоқтатты

Фото: Азаттық

Түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаев денсаулығына байланысты аштықты тоқтатты. Бұл жөнінде адвокаты Мейіржан Досқараев Азаттыққа хабарлады. Оның сөзінше, Жыланбаев аштықты 12 ақпанда доғарған деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.

Белсенді Амангелді Жахиннің айтуынша, дүйсенбі, 12 ақпанда жақтастары Степногорск түрмесіне барып, Жыланбаевпен кездеспек болған, алайда олар кіре алмаған. Сол күні тек Жыланбаевтың әйелі мен қызы түрмеге кіріп, жақынымен кездесе алған.

"21 күн аштық ұстаудың өзі ерлік. Мен Жыланбаевты [аштықты тоқтату туралы] шешімін толық қолдаймын. Қазіргі режим үшін денсаулықты құрбан етуден мән жоқ" деді Жахин 16 ақпанда Азаттыққа.

Жұма күні Азаттық Жыланбаев отырған Степногорскідегі N4 мекемеге хабарласа алмады.

Былтыр қарашада жеті жылға сотталған Марат Жыланбаев жуырда 24 қаңтарда үкімге қарсылық ретінде аштық жариялаған.

Оның алдында 19 қаңтарда Астана қалалық соты оның үкімін өзгеріссіз қалдырған. Алғашқы инстанциядағы сот Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Бұған дейін прокуратура тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев "ҚДТ экстремистік ұйымынан тапсырма алып, олардың қызметін қаржыландырған" деп айыптаған. (Астана шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды). Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.

Белсендіге жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түсті.