16 нау, 2016 сағат 06:46

Ақберен Елгезек. Қоңыр әуен

Тегін адам ақын болмайды. Өтініш жазып келеді дейсіз бе?! Бір басына замананың, ғаламның, барша адамзаттың ауыр мұңы мен қасіретін үйіп-төгіп алып, мыстан уақытпен арпалысып өту кімге қызық, кімге өнер дейсіз? Сіз оның жүрегін сығып көрдіңіз бе? Сығып көрсеңіз, жүректің төрт ұясынан нендей заһар, иісінен-ақ ащы екені білінетін қандай удың тамшылайтынын көріп, шошыр едіңіз. 

Санасына саяхат жасап көрдіңіз бе? Жүрегінен бастау алып, санасына баратын кәрі соқпақтың ең құрығанда ортасына дейін жүріп көріңізші! Майлы кенепке еш түспейтін суреттер, адам көзіне шалынбайтын елестер мен тылсым құбылыстарды байқар едіңіз. Байқар едіңіз де басыңызды шайқар едіңіз. Аяр едіңіз оны, мүмкін қызығар едіңіз…

Сіз ақын секілді жылауды білесіз бе? Ақын секілді күнде жылауды айтып отырмыз. Жүрегіңіз шыдамас еді. Сіз «Неге бұлай?» дейсіз, «Не жетпейді осыған?» дейсіз. «Жұрт қамсыз өмірін сүріп, бала-шағасын асырап, қоңыр тіршілігін жасап жатыр ғой, бұлай күйзелетіндей, бұлай алқынатындай, бұлай байыз таппайтындай бұл адамға сонша не болды?» деп те ойлайсыз.
Кенжебай АхметовКүллі адамзаттың жүрегіне күнде осындай мұң түссе, не болар еді? Хаос пен жазылмайтын депрессия болар еді ғой! Өмірдің жалғандығын, ажалдың бар екендігін сезбей де өтіп жатқан қанша адам ақынға қарыздар емес пе деп ойланып көрелікші. Иә, Тәңір адам баласының санасы мен жүрегіндегі барлық теріс энергетикасын көдедей шашы желбіреп, ауа­да жатқан бақсы-ақынның түйсігіне бағыттайды. Ақын қорытады, жазады. Яғни бақытсыздыққа апаратын күллі теріс қуатты трансформациялайды.

Бар қызығын тірліктің орап алып,
Күн батысқа беттеді қораланып.
Ел шетінде ербиіп мен қалыппын
Диуанадай қалқиған оба бағып…

Дала күзеткен тірі балбал… Обаны бағып тұрған диуана… Бұл – хас ақында ғана болатын ішкі әлем панорамасы. Түз даланы кірпігімен қоршап алып, медитация жасап тұрған жан иесі. Көкте – пайдасы жоқ бір шөкім бұлт. Ұршықтай боп айналған құйын. Құмырсқалар мүрдесі. Аптап ыстық. Оған келесі көріністі қосыңыз:

Көбелектердің шақар күн
қанатын қыршып,
Шақыраяды төбеден. Дала тымырсық.
Көлеңкелер де жандарын
сауғалап қашқан,
Үп еткен жел жоқ желпініп алатын.
Қырсық!

Маңдайы тасқа тиместен
тыйылыпты кім?!
Амалсыз бәрі аптапқа иіліп бүгін
Отырғаны хақ. Не істесін?
Күн-түн зарлайтын
Шегірткенің де ауызына
құйылыпты құм.

Ыстық тітіркеніс. Ақылды өртеп бара жатқан ішкі тозақтың жалын демі. Ешкімнен пана таппай, айдала аңырып тұрып қалған бейне.
Енді бір көріністе оның бейнесі шулы шаһардың бір бұрышында қылаң береді.

Қайта оралдым даң-дабыра қалаға,
Қала мылқау, әлде мүмкін… мен – керең?
Қамап алып сағынышты санама,
Қара ормандай жұрт ішінде сенделем.
Қалаға келмей қайтсін енді, егер:
Көз алдымда – көк мазар қарақұрым,
Маңдай тіліп төбемнен барады күн.
Қарттарымның ізімен қырдан көшкен,
Бара жатыр ілесіп балалығым, –
деген өмір трагедиясына шыдамаса?!

Қала өмірі. Сайқал саясаттың заңдылығы үстемдік құрып тұр, асқазан шұрылына базардың шуылы ұласып тұр, жанарынан жарық шашқан көліктер тізбегі және мұны мүлде түсінбейтін безбүйрек адамдар. Сонда ол өзгергісі келетіндей:

Айтады уақыттан кенделігін,
Келмейді сездіргісі пенделігін.
Ащы у – ашуымды ішке бүгіп,
Күлкімен бет бояймын мен де бүгін.

Маскалы қоғамның ішінде маскамен өмір сүруге бейімделгісі келеді. Амалы қанша? Күлкімен бет бояп, шүйіркелескен болып, өзін алдайды. Тіпті арбалғысы да келетін сияқты. Алайда ішкі мұңы бір күні қайтадан «дыз» етіп, тағы да ауыртады. Сол түсініксіз мұңнан әбден қалжыраған ол бір түндері бәріне қолды бір-ақ сілтеп:

Көк Тәңірі!
Ақ таңды
Қарсы алудан шаршадым.
Сыпыр тірлік – ноқтаңды,
Тақ Ажалдың моншағын! –
деп те жібереді.

Бәрі оңай болса, кәні?! Ол өзінен-өзі қашып құтылмайтынын ұғынып, мына бір қас қағым мезетті сөзбен шимайлап параққа тастай салады:
Көз тастады Ай сұлық
Күлдібадам көшеме.
Көк Аспанда – қайшылық,
Күллі ғалам – кесене.

Ақын жанары Ай көзімен шағылысып қалған ғажап сәтте қарашықтан жарық жылдамдығымен үлкен мағыналар түйсікке жетіп келетінін байқайсыз. Сол кезеңнен бастап ішкі әлемді қайтадан, басынан бастап тану машақаты басталады… Бұл – ақынның тағдыры.

Бұл тағдыр иесі – ақын Кенжебай Ахметов. Біз оның өлеңдерін оқыдық, ақынды түсінуге тырыстық, өз пайы­мымызды айтып көрдік. Алайда әр адамға оның өлеңі әртүрлі ой салатыны анық. Бұл өз кезегінде ақынның сан қырлы болатындығын, санасы тылсымға толы екендігін аңдатса керек.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
ақын, мемлекеттік «Дарын» 
жастар сыйлығының лауреаты, 
Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

"Ана тілі" газеті