12 қыр, 2025 сағат 13:17

Әкесін ұрып-соққан ер адамның әйеліне де қылмыстық іс қозғалды

Фото: скриншот

Жақында Түркістан облысында ер адамның әкесін ұрып өлтіргені туралы дерек қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Енді күдіктінің жұбайына қатысты да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, деп жазады Ult.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада қарияның ұлы тарапынан соққыға жығылғаны, бетінен қан аққаны анық байқалады. Қария орнынан тұра алмаған соң, ер адам әйелін шақырып, екеуі ақсақалды сүйреп әкетеді. Бұл сәтті көршісі жасырын түрде түсіріп алған.

Тергеу барысында әкесін ұлының соққыға жыққаны расталды. Ал келіншегі оған тоқтау салмаған. Қарттың өлімінен кейін ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Күдіктінің әйеліне де қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Кінәліге көрінеу дәрменсіз күйде болған адамды ұрып-соғу») бойынша жүргізілуде.

"Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілетін болады. Олардың нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады. Сонымен бірге тергеу барысында өтініште баяндалған барлық дәлелдер тексеріледі және ол аяқталғаннан кейін қылмыстық процестің барлық қатысушыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады Түркістан облысы ПД.


Полицейлердің айтуынша, зейнеткерді ұлы мен келіні ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып келгенімен, марқұм немесе басқа туыстары тарапынан бұл жағдай бойынша құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түспеген.