15 шіл, 2021 сағат 18:53

Әкім сайлауы: Маңғыстау облысында 22 кандидат өзін-өзі ұсынды


Маңғыстау облысында ауыл әкімдеріне 34 кандидат үміткер ретінде тіркелді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлығы 39 кандидат ұсынылды, оның 17-сі саяси партиялар, 22-сі өзін-өзі ұсынды. 39 адамның ішінен өз еркімен және тиісті саяси партияның шешімі бойынша 3 кандидат өз кандидатураларын алып тастады. Тіркелген 36 үміткердің ішінен екі кандидаттың тіркеуі жойылды», - деді Асқар Рзаханов. 

«Сайлау туралы» заңға сәйкес, тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт жүргізуге құқылы, бұл үшін облыстық сайлау комиссиясы қаражат көлемін анықтады. Облыстық сайлау комиссиясының сайтында комиссияға БАҚ өкілдерінен төлем мөлшері, эфирлік және баспа беттерін беру шарттары мен тәртібі туралы жолданған ақпараттар жарияланды.

«Сайлау өткізілетін округтердің басшылығы үміткерлерге сайлаушылармен кездесулер өткізуге және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ықпал етуге тиісті», - деді А.Рзаханов.