07 жел, 2021 сағат 18:02

Әкім Тарази: "Қазағым аман болса екен деп тілеймін"

сурет: Әдебиет порталы

Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көрнекті қаламгерлердің бірі де бірегейі - Әкім Тарази. Оның шығармалары қай кезде де жоғары бағаланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келеді. Мырзатай Жолдасбекұлының сөзімен айтсақ, "Әкім  Тарази  –  сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер, терең ойдың адамы, философ жазушы, кәнігі зерттеуші, тағылымды тарихшы, көне мұраларымыздың бітігшісі".

Осыдан екі жыл бұрын «Qazaqstan» ұлттық арнасында жарық көрген деректі фильмде қаламгердің ғұмырбаяны мен шығармашылық жолы кеңінен сөз болады. Елімізге танымал тұлғалардың өмірі мен жетістіктеріне арналған «Тұлға» бағдарламасында жазушының болмысы мен бейнесін толық һәм жан-жақты ашуға ерекше мән берілген.  

Жаратқанның пендесінің маңдайына жазып берген ғұмыры бар. "Шыр етіп жер бетіне түскенде сол жазуы болады" деседі. Туған-туысы, өмірде қандай адамдармен жолығып, өзінің кім болары айшықталып тұрмақ екен. Біз оны тағдыр деп жатамыз.

Тапталып, жаншылған қазақ жанының бостандығы үшін өмірін сарп етіп, күллі Түркі әлемін біріктіруді мақсұт тұтқан қайраткер Мұстафа Шоқайдың рухына тағзым етіліп түсірілген, танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің көркем туындысы 2008 жылы көрерменген жол тартқан еді.

Шыны керек, бұл туынды - ұлтты сақтап қалу жолында күрескен Алаш азаматтарының өмірі мен еңбегіне арналған тұңғыш шығарма. Отандық киноматографияға тың дүние боп келген «Мұстафа Шоқай» фильмі сценарийінің авторы - Әкім Тарази. Алдымен роман күйінде қағаз бетіне түскен ірі жұмыс, артынша экранда көрініс тапқан.

Өз кезегінде, белгілі режиссер жазушы туралы өзекжарды ойларын ортаға салып, пікір білдірген-ді.

«Әкім аға – кең, жайдары. Бірақ көзінде бір сиқыр бар. Сұрақ қойып, әңгімелесіп барып, бір сәтте Әкім ағаның көзіне қарасаңыз, деңеңнің бәрі жыбырлай бастайды, өзінен-өзің қуыстана бастайсың. Күле отырып көзбен сынайды. Әкім ағаның шығармаларында осы көзқарас бар. Ирония, юмор, сочувствие и взгляд со стороны дейді кино тілінде. Менің оның бәрін оқып шықтым деп мақтана аламын», – дейді Сатыбалды Нарымбетов.

Деректі фильмде жазушы соғыс кезіне тұспа-тұс келген балалық шағы туралы сыр шертіп, көрген қиындықтары мен ауыртпалықтары жайлы да айтып береді.

«Атам Әшім деген кісі мені "әй, тентек" дейтін, ал мен атама риза болушы ем. Ара-арасында "әй, тентек, бері кел. Әй, тентек, жүр. Әй, Әкішім" деп қоятын еркелетіп. Кейін достарым түрлі-түрлі ат қойып жүрді ғой», - деп сағына еске алады қаламгер.

Әкеден тартқанда Әкім Үртайұлы Әшімов 1933 жылы қыркүйекте Жамбыл өңірінде дүниеге келді. 7-8 жасында әкесі майданға аттанып кетеді де, жеткіншек жақын-жуықтың табылдырығында жүріп есейеді. Осылайша, соғыс алыста жүріп жатса да, елдің еңсесін түсіріп кетті.

«Бір айтатыны бар: "Әкемді сондай сағындым да, түннің ішінде төсегімнен атып тұрып, үйдің сыртына бардым. Аспанға қарасам, жұлдыздар жамырап тұрған". Керемет жұлдыздарға қарап, «әке, қайтшы үйге, сағындым сені» деген ғой. Екі күннен кейін папасы келген.

Әкесі соғыста жүрген кезде марапатталмақ болыпты. Орден алуы керек болған. Сонда айтыпты: «Осының орнына мен бір аптаға үйіме барып келуге мүмкіндік бар ма» деп. Сөйтіп, ол кісіні майданнан еліне жіберіпті», - дейді қаламгердің жары.

Мектепті аяқтап, Алматыдағы педагогикалық институтқа түсіп, соғыстан келіп көзбен көргенді қағаз бетінде суреттеп жүрген жазушыларды іздеп жүріп оқиды. Өзі де газет-журналдарға шағын фельетон, әңгімелер жазып жүреді. Сол екпінмен Мәскеудегі жоғары сценарлік курстарға оқуға түсіп кетеді.

Кинотанушы Нәзира Рахманқызы: «Алпысыншы жылдары Мәскеуде ең алғашқы жоғары сценарлік курс ашылады. Әкім Тарази - сол жерге оқуға түскен алғашқы қазақ. Ол - ең алғаш рет кәсіби кинодраматургияға оқып келген қазақ. Ол кезде арнайы барып оқып келген мамандар жоқтың қасы ғой. Тіпті, шынын айтқанда, режиссерлер де жоқ болатын бұл тұста. 

62 жылы ол дипломдық жұмыс ретінде "Жазира" деген киносценарий жазады. Сол киносценарий Мәскеудің өзінде көп киногерлердің назарын аудартады...

...Кино арқылы, киносценарий арқылы әдебиетке келетін жазушылардың саны өте аз. Егер бір адам болса, ол – Әкім Тарази, екеу болса соның бірі – Әкім Тарази» дей келе, жазушының сценарийі бойынша түсірілген Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» (1964 жылы) фильмі туралы кеңінен баяндайды.

Ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы Әкім Таразидің адамның жан дүниесін асқан дәлдікпен беретінін атап өтеді.

«Жазардың алдында әбден жанымды тазалаймын. Жанымды. Тазалап барып отырам. Себебі сен таза ниетпен жазуың керек. Өзің арам болсаң, жазғаныңның бәрі арамдыққа қарай сүйреп кетеді. Арам адамнан жақсы сөз шықпайды ешқашан», - дейді жазушы.  

Әкім Тарази адалдықты ту етті, не істесе де, қандай шығарма жазылмаса да, ол алдымен ішкі цензурадан өтуі керек болды.

«Қазақфильм» киностудиясында сценарлік редакцияның алқа мүшесі, бас редакторы болып жүріп, Камал Смайылов сияқты дарынды менеджердің мұрындық болуымен жарыққа «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты анимациялық фильмі шықты. Аңғарсақ, күні бүгінге дейін теңдесі жоқ классика екен.

Әкім Тарази қызметпен бірге шығармашылығын да қалдырған жоқ. Тоғыз жыл Қазақстан киноматографиялық одағы басқармасының бірінші хатшысы болды. Ал, 1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметіне тағайындалды.

«Әкім Тарази шығармашылығының негізінде жатқан дүние – сананың еркіндігі. Адамның азаттығы, өзінің азаттығы. «Тасжарған» романында ол бас кейіпкер Омардың бейнесімен Кеңес үкіметімен күреседі. Ол ерте шыққан роман. Бірақ образ арқылы беріп отыр.

«Қорқау жұлдыз» романында Тұңғатар деген бас кейіпкер бар ғой, жанама, екінші пландағы бас кейіпкер деп айтуға болады. Оны “сабақ жүргізгенде өзінше методпен жүргізеді” деп айыптаған. Сонда ол айтады: “бағдарлама бір болса, оқулық бірдей болса, оның оқытылу-жүргізілу тәсілі бірдей болса, мен сабақты өзімше бермесем, онда қалай болады, сонда бүкіл адам бір адам боп шыға ма?..”

Міне, осылай күрес жүргізеді», - дейді ақын Ұларбек Нұрғалымұлы.

Жазушы “менің образдарым - айналамдағы адамдар” дейді. Біреуден қандай да бір ерекше мінез көріп қалса, ертеңіме азық болсын деп күнделігіне түртіп қояды екен.

Қаламгердің жары «әкім аға туралы жазу өте күрделі. Бірақ Әкім ағаң хақында менен басқа ешкім жаза алмайды. Маған ауыр, білесіз бе?..» дей келе, оның қандай қиындықтардан, қарама-қайшылықтардан өткенін толғаныспен айтады.

«Өмірде бір-біріне ұқсас адамдар кездесетін сияқты. Мүмкін, менің өз жасымда, өзімнің қатарымда маған ұқсайтын адам болмай, мен Әкім ағаңа кездескен сияқтымын. Ол кісі де өз дәуірінде, өз заманында, өз қатарластарының арасынан өзі сияқты адам таппай, мені кездестірген сияқты», - дейді ол.

Сөз арасында жазушының ұлы Алпамыс Үртай ата-анасы һәм алған тәрбиесі туралы ойын білдірсе, «суреткердің жанын шынайы суреткер ғана ұғар» демекші, жары Роза Мұқанова оның болмысы жайлы ашық айтып, азаматтығы, ірілігі, кісілігі, имандылығы басым екенін тілге тиек етеді.

«Біздің отбасында бір табиғи тәртіптілік, сыпайылық, мәдениеттілік қалыптасқан. Ол қай кезде келді, оған қалай келдік, мен нақты білмеймін. Ол солай басталған» - дейді Роза Қажығалиқызы.

Қос шығармашылық иесінің табысуынан екі бала дүниеге келген. Алпамыс және Аруза. Тұңғыштары Алпамыс Үртай бүгінде Жапонияның Нагоя университетінде автоматты инжиниринг мамандығы бойынша тәлім алып жатыр.

«Мен араласпаймын. Тағдырды Алла береді» деген қаламгер, ұлының оқуға түскен шағы туралы естелігін ықыласпен бөлісіп, анасы ұяда көрген тәрбиесі һәм білімі жайлы сөз қозғайды.

«Менің әкем жазған әңгімелерінде бір кейіпкер негізінде оның өзін сипаттап тұрады ғой. Сол кейіпкерлердің ойлаған ойы мен жасаған істеріне қарай өзімді танып қалатын тұстар болады. Мысалы, «Андрейдегі» әкемнің ойлары мен жасаған шешімдері, достарымен қарым-қатынасынан, әкем мен анамның тәрбиесін көргендіктен, өзіме байланысты дүниелерді байқаймын», - дейді ұлы Алпамыс.

Ал Әкім Тарази өз сөзін: «Әрине, мен Аллаға сенем. Алла мүмкін менің тілегімнен әкемді аман алып қалған шығар. Мәскеудің түбіндегі Мытищиден Берлинге дейін барғанда, бір-ақ рет оқ оң аяғының өкшесін жұлып кеткен...

Арманым – үй-ішімнің амандығын тілеймін. Балаларымның үлкен азамат болуын тілеймін. Роза екеуміз солардың қуанышына куә боп жүрсек екен деймін. Содан кейін қазағым аман болса екен деп тілеймін. Ниеті таза, пейілі таза адамдар аман болсын» деп түйіндейді.

P.S: Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, драматург, сценарист Әкім Тарази бұған дейін айтқан бір сөзінде «ер етігімен қан кешкен алмағайып кезеңдерде ұлттың ұлы ұраны – Тәуелсіздік болғанын» тілге тиек етеді. 

«Елім деп еміренген жас боздаққа жалын берген, жатса түсінен, тұрса есінен кетпеген қасиетті сөз тағы да осы – Тәуелсіздік. Қазақ халқы осы арманға қол жеткізіп, бүгінде егеменді елге айналды. Әр адамның өмірбаяны болатыны секілді, әр ұлттың да өмірбаяны болады. Біздің ұлттың кешкен мехнаты, көрген қасіреті қаншалық көп болса да, бақыты да сондай баянды, мәңгілік болады деп сенемін», – дейді жазушы.

Ендеше, Тарази туындылары азат елдің аспанында ғасырдан ғасырға көшіп, келер ұрпақпен бірге жасай берері кәміл.