05 қыр, 2019 сағат 16:01

Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік ашылды

Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдері күні аясында өткізіліп отырған онкүндік ашылғанын жариялады. 

Ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин Өңірлік коммуникациялар қызметінің медиа-орталығында өткізілген брифингте онкүндік аясында қандай шаралар өткізілетіні туралы айтып берді. 

«Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған дәстүрлі онкүндік 2019 жылғы қыркүйектің 5-і мен 20-сы күндері аралығында өтеді, онкүндік аясында облыста 300-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда. Бүгін өңірдегі барлық мекемелер мен ұйымдарда Тілдер күні онкүндігінің ашылуы өтті. Негізгі лейтмотиві – мемлекеттік тіл саясатын іске асыру саласындағы жетістіктерді көрсету» - деп атап өтті Ғалым Шойкин.

Ағымдағы жылы тілдер онкүндігін өткізу мақсатында облыстың барлық мекемелері мен ұйымдарында тілдер декадасының ашылуы, тақырыптық және мәдени-бұқаралық шаралар өткізу қарастырылған облыстық Іс-шаралар жоспары бекітілген.

Этнос аралық келісім мен бірлікті нығайтатын іс-шаралар, тіл білу конкурстары, поэзия кештері, Қазақстан Республикасы аумағында тұратын барлық этностардың мәдениеті, тарихы жөнінде мағлұмат беретін дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылады. 

Өткізілетін іс-шаралардың көпшілігінің көрермендері -  өскелең ұрпақ. «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» форумы, «Текті сөздің төресі – терме» конкурсы, «Тілдарын» олимпиадасы жастардың қатысуымен өтеді.

Биылғы жылы өткізілетін онкүндіктің жаңалығы – белгілі қазақ жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің – Біржан салдың 185 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлиннің 125 жылдығы, Сәкен Жүнісовтың 85 жылдығы, сонымен қатар Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы -  мерейтойларының аталып өтуі.

Бұған қоса, өткізілетін онкүндікте латын графикасына көшу жөніндегі іс-шараларға ерекше көңіл бөлінетін болады.