26 там, 2019 сағат 15:52

Ақмолалық диқандар туған ауылын дамытуға ниетті

«Жер-ананы алдай алмайсың, оны сақтай бiлу керек», — дедi Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаевтың Сандықтау ауданының ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiмен кездесуiнде атақты диқан, меценат, Свободное» ЖШС бас директоры Александр Закусилов.

Астық пiсiп тұрған егiстiк даласында облыс әкiмi ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтарының басшыларымен жер өңдеудi жақсарту, егiн орағы науқанын өткiзу, ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту, өнiмдi болжау және т.б. мәселелердi талқылады. Ауданда ауыл шаруашылығы дәндi дақылдарының жазғы егiстiгi 313 мың га құрайды. Күзгi егiстiк жұмыстарын жүргiзуге 4600 тоннадан аса арзандатылған дизельдiк жанар май бөлiндi. Жыл басынан берi 1 млрд 990 млн теңгеге 39 трактор, 9 астық жинау комбаины, 5 егiн егу кешенi және т.б. техникалар сатып алынды.

Сандықтау ауданының Веселое ауылында Ермек Маржықпаев «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Байдалы» және «Байдалы-2» АШК» ауыл шаруашылық кәсiпорындары салған бiрқатар әлеуметтiк объектiлердi аралады. Осы мықты шаруашылықтың негiзiн қалаушы Амангелдi Оразалин болды. Бүгiнгi таңда оның iсiн баласы Марат пен ағасы Бағдат жалғастырып келедi. Агроқұрылым даңқты атасы, Социалистiк Еңбек Ерi Байдалы Оразалиннiң есiмiмен аталған.

Педагогикалық кадрларды тарту үшiн шаруашылық екi қабатты сегiз пәтерлi үйдi реконструкциялаған, жас мамандар мен көпбалалы отбасыларға арнап 4 үйдiң құрылысын салу қарастырылған. Сонымен қатар, кәсiпорынның қаржысы есебiнен ауылда қоғамдық монша, наубайхана, көпбейiндi спорт алаңы iссапарда жүрген жұмысшыларға арналған қонақ үй, мешiт салынды. Сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар 400 бас МIҚМ мен жылқыға арналған заманауи бордақылау алаңының құрылысын салу басталды. «Сiздердiң отбасыларыңыз — құрметтi диқандар әулетi. Сiздер осында тудыңыздар, өз ауылдарыңызды жақсы көресiздер, өз еңбектерiңiзбен шағын Отаныңыздың атын шығарасыздар», — дедi Ермек Маржықпаев Марат пен Бағдат Оразалиндерге туған ауылын дамытуға қосқан үлестерi үшiн алғысын бiлдiрiп.

Жақсы ауданының Киевское ауылында «Агрофирма TNК» ЖШС басшысы Батырбек Уәлиев облыс әкiмiн «Труд» еншiлес кәсiпорны жүзеге асырған әлеуметтiк бағыттағы жобалармен таныстырды. Шаруашылық субъектiсi бастапқы тың игерушiлер музейiн, реконструкциялады, монша кешенi, демалыс орталығы, балабақаша құрылыстарын салды. Өз кезегiнде, Ермек Маржықпаев агрокәсiпорынның басшыларына ауыл тұрғындарына жасап отырған қамқорлықтары үшiн алғысын бiлдiрдi.