26 мам, 2021 сағат 16:02

Ақтауда қасбеті құлаған үй қала әкімдігінің есебінен қайта қалпына келтірілмек


Бүгін Ақтаудағы 30 шағынаудан 169 тұрғын үйдегі жағдайға байланысты қала әкімінің орынбасары С.Гусманның төрағалығымен төтенше жағдайларды жою және алдын алу мақсатында тиісті мамандармен және тұрғындармен біріккен комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Бұған дейін Ақтауда көп қабатты ғимараттың қасбеті құлап, газ құбыры бүлінгенін жазған болатынбыз. 

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолданысқа берілгеніне 10 жылдан асқан тұрғын үйдің сыртқы қаптамасының құлауы Төтенше жағдайлар Министрлігінің дағдарыс жағдайларында тіркелуге жататын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ақпарат критерийлеріне сәйкес техногенді сипаттағы төтенше жағдай деп танылды. 

С.Гусман тиісті бөлімдерге жобалық сметалық құжаттама жасақтап, бүгіннен бастап тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастауды тапсырды. 

Аталған жұмыстармен «Оңдасын Строй» ЖШС айналысып, қаржы қала әкімдігінің бюджетінен қарастырылады. 

Сонымен қатар, қаладағы жаңадан тұрғызылатын тұрғын үйлердің құрылысына жауапты мердігер компанияның кепілдік мерзімін ұзарту бойынша ұсыныс айтылып, осы бойынша құрылыс бөліміне шешім шығару тапсырылды.