10 мау, 2023 сағат 15:21

Ақтөбе әкімдігі аяқ киімге арналған 200 "губканы" не үшін сатып алғанын түсіндірді

Фото: Сергей Русанов © URA.RU

Ақтөбе облысының әкімдігі 200 дана аяқ киім сүрткіш сатып алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қоғамда талқыға түскен аяқ киім сүрткіштерді әкімдік бекер сатып алмаған көрінеді. Мұның бәрі тек сырттан келген қонақтар үшін деп түсіндіреді олар.

"Губкалар" үкіметтік және шетелдік делегация мүшелері үшін сатып алынған. Шенеуніктердің сөзінше, ол сүрткіштерді қонақ келген кезде әкімдікке тиесілі көліктерге салып қояды екен. Қонақтың аяқ киімін шаң басса, бюджет ақшасына алынған сүрткішпен тазалайды.

Аяқ киім сүрткіштерін сатып алуға 99 мың теңге жұмсалған.

"Бұл жақта ауа райы қолайсыз. 200 аяқ киім сүрткіш шамамен екі жылға жетеді. Қателеспесем, бір губка 458 теңге тұрады", - дейді Ақтөбе облысы әкімдігі іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.

Бұған дейін ақтөбеліктерді шенеуніктердің тағы бір әрекеті таңғалдырған болатын. Олар 50 дана қолшатыр сатып алған. Бұл да аса қажет зат көрінеді, өйткені ресми іс-шаралар кезінде жоғары лауазымды тұлғалар күн мен жаңбырдан паналайды.