17 ақп, 2023 сағат 13:21

Интернет болмаса, ауылда жастар тұрмайды - Тоғжанов

Фото: qazaly.kz

Бір мұғалімнің 5 пән бойынша сабақ беруін толық тоқтаттық. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең үлкен мәселенің бірі – ауылда адам қалсын десек, интернетті толық енгізу керек. Интернет болмаса, бүгін ауылда жастардың да тұрмайтыны белгілі. Неге? Себебі, бұл – өмір мен уақыттың талабы. Сондықтан өткенде министр Бағдат Мусинмен бірге 99%-ға дейін интернетпен қамтудың жобасын дайындадық. Оны іске қоссақ, телемедицинаны да енгізуге үлкен мүмкіндік болады», - деді Тоғжанов Сенаттағы «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.

Сонымен қатар ол білім беруге жағдай жасау қадамдарына тоқталды.

«Сондықтан біз Bilim All жобасын енгіздік. Бір мұғалімнің 5 пән бойынша сабақ беруін толық тоқтаттық. Енді бұл ашығын айтқанда өзімізді де, балаларды алдау деп ойлаймын. Сондықтан бұл тоқтатылды. Онлайн режимде 36 ең жоғары деңгейлі мұғалім сабақ беретін жобаны бастап кеттік. Біз ауылдағы мұғалімдерді қысқартқан жоқпыз», - деді облыс әкімі.

Осы орайда ол аталған жоба аясында сол ауылдағы мұғалімнің өзі жоғары деңгейлі ұстаздардың сабағын балалармен бірге тыңдап, өз деңгейін көтеретінін айтты.

«Оны неге енгіздік? Себебі, бүгінде ауылдағы балалардың білім деңгейі қаладағы білім деңгейінен 15%-ға төмен. Сондықтан осы мәселе өте маңызды. Жобаны 5 пән бойынша енгіздік: математика, физика, химия, биология және ағылшын сабақтары бойынша. Осылайша, кадр мәселесі шешілді», - Тоғжанов.