Фото: Zakon.kz
Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады. Нысан қалалық патологоанатомиялық бюроның қарауына беріліп, қала инфрақұрылымының құрамдас бөлігіне айналды, деп хабарлайды Ult.kz.
Кремация дәстүрлі жерлеуге балама ретінде ерікті түрде ұсынылады. Бұл тұрғындарға жеке әрі мәдени ерекшеліктерін ескере отырып таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Крематорий заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда көпсатылы тазарту жүйесімен жабдықталған екі пеш орнатылған. Қолданылатын технология түтін газдарын толық жанып кетуін қамтамасыз етіп, иіс пен көзге көрінетін түтіннің пайда болуына жол бермейді, сондай-ақ экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Бір рәсім шамамен екі сағатқа созылады, ал толық жүктеме кезінде тәулігіне 8 кремацияға дейін өткізуге мүмкіндік бар. Құжат қабылдау мен сәйкестендіруден бастап күлді туыстарына тапсыруға дейінгі үдерістің барлық кезеңі қатаң бақылауда.
Қоштасу рәсімдерін өткізуге арналған залдар қарастырылған. Қызметкерлер шетелде арнайы дайындықтан өткен және санитарлық әрі этикалық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді.
