15 нау, 2021 сағат 17:20

Ақтөбеде мектептер мен балабақшаларда Наурыз мерекесін өткізуге тыйым салынды

Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта болғанымен, Наурыз мерекесі мектептер мен балабақшаларда, көпшілік жиналатын орындарда өткізілмейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өткен тәулікте өңірде 18 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың 16-ы — Ақтөбе қаласының тұрғыны. 

«Облыс бойынша 124 адам инфекциялық ауруханаларда жатыр. Оның 100-і Ақтөбе қаласында. Барлығы 9 науқас жансақтау бөлімінде», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев. Қазіргі кезде 2 мыңнан астам адам вакицина қабылдады. Олар: дәрігерлер мен мұғалімдер, полиция қызметкерлері. Сонымен бірге студент, диспансерлік есепте тұрған адамдар да екпе қабылдады.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мереке қарсаңында тұрғындарға сақтық шарасын тағы бір еске салды.

«Мектептер мен балабақшаларда Наурыз мерекесін тойлауға болмайды. Сонымен бірге кез келген ұжымдық басқосуға тыйым салынған. Егер мұндай жағдай тіркелсе, міндетті түрде департаментке хабар беруі керек. Мамандар шара қолданады»,- деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Қазіргі кезде облыс бойынша 47 мониторинг тобы бар. Жыл басынан бері 133 хабарлама түсіп, 19 миллион теңге айыппұл салынды. Ал Үйлестіру орталығына 16 шұғыл хабарлама беріліп, жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Сөйтіп тағы 1 миллион теңге айыппұл салынды.

«30-39 жас аралығындағы жастардан жиі анықталып жатыр. Жыл басынан бері 159 адам вирус жұқтырды. Сонымен бірге жасы 65-тен асқан 123 адам да ауырып, ем іздеді»,- деді Нұрсұлу Беркімбаева.